СҚО екі ауданында су тасқынымен күрес ақсап тұр - ТЖД

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі су тасқынымен күресу үшін Төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс орталығында жедел штаб жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімдігінде көктемгі су тасқынымен күреске дайындық пысықталды. Өңірде соңғы күндері қар қарқынды еріп жатыр.

Су тасқынымен күресу үшін бірқатар шара қолға алынған.

СҚО төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рамиль Камаловтың айтуынша, елді мекендерден қар шығару жұмысы тоқтаған жоқ, жетпеген инженерлік техниканы жалға алу бойынша келісім жасалып жатыр.

Қатер басым Уәлиханов, Айыртау және Ғабит Мүсірепов аудандарында өзендерде мұз жару жұмыстары жүргізілген.

«25 наурыз күні Ғабит Мүсірепов ауданына жеке құрамның 23 адамы және 4 техника жіберілді. Қазір тағы екі топ Тимирязев және Айыртау аудандарына аттануға дайындалып жатыр. Олар топан судың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізеді. Біздің департаменттің дағдарыс орталығында жедел штаб құрылды. Жағдайды бақылауға алдық», - дейді Рамиль Камалов.

Осы күндері жеке сектордағы 308 үйдің ауласына кірген су сорғызылған. Су әлі келіп жатыр.

«Еріген қар суы басуы мүмкін елді мекендерден қар шығару жұмыстарын жедел түрде аяқтау керек. Сондай-ақ қазіргі жағдайға байланысты елді мекендердегі, республикалық, облыстық және жергілікті маңыздағы жолдардағы су өткізу құбырларын, арықтар мен каналдарды тазартуды жеделдету қажет. Біздегі ақпарат бойынша Ақжар және Жамбыл аудандарында су тасқынымен күрес жұмыстары ақсап жатыр. Бұл аудандарға екі күн ішінде елді мекендерде тасқын судың алдын алу жұмыстары аяқталуы тиіс», - дейді департамент бастығы.


Соңғы жаңалықтар