СҚО егіс алқаптарының 31 пайызында ылғал қоры жеткіліксіз

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Қазгидромет» мамандары егіс алқаптарының ылғал қорын анықтады. Жүргізілген талдауға сәйкес өңір аумағының 31%-ында ылғал жеткіліксіз, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазгидромет» РМК СҚО филиалы 21-30 сәуір аралығында агрометеорологиялық желі арқылы топырақтың ылғал қорын анықтау мақсатында көктемгі тексеру жүргізді.

Ол үшін 20 мың га алқап, соның ішінде 15 мың га егістік жер, 4 мыңға га жуық сүдігер, 770 га парға қалдырылған танап және 58 га көпжылдық өсімдікке арналған алқап таңдап алынды.

«Зерттеу нәтижесі топырақтың метрлік қабатында 11-163 мм ылғал қоры барлығын көрсетті, бұл норманың 9-114 %-ы. Қалыпты жағдайда 115-166 мм болуы тиіс. Ал Айыртау, Есіл, Ғ.Мүсірепов, Ақжар және Қызылжар аудандарында топырақтың метрлік қабатындағы ылғал қоры нормадан 48-91 % төмен. Қалған аудандарда нормаға жақын», - дейді мамандар.

Биыл СҚО-да топырақ қабаты әдеттегіден 9-10 күнге ерте жылыған.

Бұл қар жамылғысының тез еруіне, сондай-ақ еріген қар суының буланып, топыраққа тез сіңуіне ықпал еткен.

Жалпы көктемгі топырақтағы ылғал қорына қысқа кетер алдындағы күзгі топырақтағы ылғалдың мөлшері, қыстағы жауын-шашын мөлшері және қар жамылғысындағы ылғал қорының мөлшері әсер етеді.

«Жүргізілген талдауға сәйкес СҚО аумағының 31 %-ында - Қызылжар, Айыртау, Есіл және Ақжар аудандарында ылғал қоры жеткіліксіз. 46 %-ында, яғни Жамбыл, Тимирязев, Аққайың, Уәлиханов, Тайынша аудандарының алқаптарында қанағаттанарлық және 23 %-ында - Мамлют, М. Жұмабаев және Шал ақын аудандарында топырақтың ылғал қоры қолайлы», - дейді филиал қызметкерлері.

Ал сабан, сүдігер және парға қалдырылған алқаптарда ылғал қоры күзбен салыстырғанда облыс бойынша орта есеппен 42 %-ға артқан.


Соңғы жаңалықтар