СҚО диқандарына органикалық өсімдік шаруашылығына көшу ұсынылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында органикалық өнімнің артықшылықтары мен оны өндірудің ерекшеліктері туралы мәселелер қозғалып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Органикалық өсімдік шаруашылығына қатысты семинарды СҚО «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды. Әлемде органикалық өнімге деген сұраныс жылдан жылға артып келеді. Әсіресе Еуропа елдері экологиялық таза азық-түлікті әлдеқайда жоғары бағаға сатып алуға дайын.

Биыл солтүстікқазақстандық диқандар 4,9 млн гектарға егін екпек. Былтыр майлы дақылдардың аумағы 1 млн гектарға жеткен еді. «Атамекен» ҰКП біліктілік орталығының директоры Әрсен Керімбековтің айтуынша, ауыл шаруашылығын әртараптандыру өз нәтижесін берді. Енді органикалық өсімдік шаруашылығымен айналысуға да болады. Солтүстікқазақстандық диқандар үшін әзірше таңсық сала жайында түсінік беру үшін Петропавл қаласында екі күндік семинар өтіп жатыр.

«Біз семинарға органика жайында түсіндіріп беретін мамандарды шақырдық. Өйткені көпшілік әлі күнге дейін органикаға не жататынын білмейді. Содан кейін органикалық егіншілікке көшу талаптарын айтамыз. Диқандар тарапынан сұрақтар көп, олардың басым бөлігі химиядан бас тартуға дайын емес», - дейді Әрсен Керімбеков.

Мамандардың айтуынша, кез келген дақылды органикалық жолмен өсіруге болады. Табиғи өнім алам дейтін шаруаларға химиялық тыңайтқыштарға шығынданудың қажеті жоқ. Алайда бастапқы кезде өнімділік әлдеқайда аз болады. Органикамен айналасудың артықшылығы өнімнің көлемінде емес, сапасы мен бағасында.

«Органикамен айналысса қойманы, көлікті, алқап пен өнімді сертификаттау керек. Онымен халықаралық ұйымдар шұғылданады. Ең жақыны Киев пен Вильнюста орналасқан. Бағасы да қымбат. Сондай-ақ өнімнің терең сараптамасын алу үшін диқандар шетелдік зертханаларға жүгінуге мәжбүр. Өйткені жергілікті зертханалар өнімнен пестицидтің тек 20 түрін ғана байқаса, еуропалықтар 2 мыңға дейін көре алады. Сол себепті, қазір өзімізде қазақстандық сертификаттау компаниясын ашу мәселесі тұр», - дейді ол.

Бүгінге дейін еліміздің 60-қа жуық шаруашылығы 270 мың гектар жерге органикалық өнім өсіруді бастады. Араларында солтүстікқазақстандық диқандар да бар. Бірқатары өз тәжірибелерімен бөлісу үшін келді.

«Органикалық дәнді дақылдарды Еуропа елдеріне экспорттаумен 10 жылдан бері айналысып келеміз. Өзіміздің егістік алқабымыз болмаған соң, серіктес компаниялармен жұмыс істейміз. Оларға сертификаттаудан өтуге көмектесеміз. Жылына шамамен 5-10 мың тонна өнімді экпорттаймыз. Басқосу барысында органикамен айналысамын деушілерге неден бастау керек, қандай қиындықтар кездесуі мүмкін екендігін түсіндіріп, артықшылығын айтып бердік», - дейді «Диқаншы» ЖШС сату жөніндегі менеджері Илья Пампур.

Семинарға облыстың 80-ге жуық шаруашылығының басшылары мен агрономдары қатысты. Оларға өз тәжірибелерімен қазақстандық диқандар мен сарапшылар ғана емес, ресейлік ғалымдар да бөлісті.

Соңғы жаңалықтар