СҚО диқандары биыл 4,4 млн тонна астық жинап алды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының диқандары егін орағын аяқтап, биыл 4,4 млн тонна бидайды қамбаға құйды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл 2,9 млн га алқапқа дәнді дақыл егілді. Нәтижесінде әр гектардан орта есеппен 15 центнерден өнім алынды. Биылғыдай ыстық пен қуаңшылықта бұл жаман көрсеткіш емес.

«Астық шығымдылығын арттыру мақсатында және топырақтың құнарын сақтап қалу үшін биыл шаруалар 133,3 мың тонна минералды тыңайтқышқа тапсырыс берді. Бүгінге дейін оның 123,8 мың тоннасының ақшасы зауыттарға төленді. 1,8 млн га жер өңделді. Тыңайтқыш қолдану нәтижесінде шаруалар ауа райының қолайсыздығына қарамастан орташа өнім алды», - дейді СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының агрономия бөлімінің бас маманы Бақтияр Тоқжігітов.

Орақ науқанын мерзімінде аяқтау үшін егіс алқабына 7,5 мың комбайн шықты.

«Көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізуге облысқа 75,1 мың тонна дизель отыны қажет. Мемлекет бұл мөлшерді кепілді бағамен мұнай өңдейтін зауыттардан берді. Нәтижесінде диқандар оның 1 литрін 172 теңгеден алды. Жалпы биыл жанар-жағармай уақытында және жеткілікті мөлшерде жеткізіліп тұрды», - дейді Бақтия Тоқжігітов.

Өңірде картоп та жиналып алынды. Биыл 32,9 мың га көкөніс егілсе, одан 490 мың тонна картоп жиналды. Гектар берекелігі 149,3 центнерден айналды.

Қазір СҚО-да майлы дақыл жиналып жатыр. Осы күнге дейін 845,1 мың га бастырылды. Бұл - бар алқаптың 91,6%. Әр гектардан орта есеппен 8,4 центнерден алынып жатыр.


Соңғы жаңалықтар