СҚО дәріханаларында коронавирусқа қарсы дәрі-дәрмектің үш айлық қоры жасалған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында емдеу мекемелері коронавирус инфекциясын емдеуге қажет дәрі-дәрмектің үш айлық қорымен қамтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қабдрахман Сақтағанов брифинг өткізіп, өңірдің COVID-19-дың екінші толқынына дайындығы туралы мәлім етті.

Маусым-тамыз айларында облыстың медициналық ұйымдарына 432 млн теңгенің препараттары жеткізілді. Қазір облыстың стационарларында дәрі-дәрмектің үш айлық қоры бар. Коронавирус пен өкпенің қабынуын емдеуге қажет препараттарды алуға 299 млн теңге жұмсалды. Індеттің екінші толқыны басталған жағдайда дәрі-дәрмекке қосымша 217 млн теңге жұмсалмақ.

Бұдан басқа, медициналық препараттар гуманитарлық көмек аясында шетелден жеткізілді. Фавипиравир, парацетамол, ибупрофен, азитромицин, цефтриаксон секілді дәрілер инфекциялық және провизорлық стационарларға тең бөлініп берілді.

«2020 жылғы 28 шілдедегі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен 5 препарат: ибупрофен, парацетамол, ривароксабан (Ксарелто), апиксабан, дабигатран амбулаторлық ем алушыларға тегін беріледі. Облыстың емдеу мекемелеріне беру үшін 64,4 млн теңгеге 59,5 мың науқасқа жететін осы дәрілер алынды. Олар емханаларда бар», - дейді СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қабдрахман Сақтағанов.

Облыс дәріханаларын қажетті препараттармен қамту үшін тұрақтандыру қорынан 250 млн теңге бөлінді.

«Бұл төтенше жағдай кезіндегідей дәрі бағасы шарықтап кетпес үшін жасалып отыр. Бұл мақсатқа әр аудан бюджетінен де 5-8 млн теңге көлемінде қаражат бөлінген. Алыс елдімекендердің дәрігерлік пунктеріне де қажетті дәрі-дәрмек жеткізіледі. Сонымен қатар, ондағы мамандарды – 221 адамды дәрітану бойынша қайта оқытамыз. Осылайша дәріхана тапшылығы жойылады», - дейді Қабдрахман Сақтағанов.

Облыс аудандары дәрі-дәрмек қорын жасауға 52,3 млн теңге бөлді. Денсаулық сақтау басқармасы биыл шағын елдімекендерде 42 дәріхана пунктін ашуды жоспарлаған.

Олар фельдшерлік акушерлік және медициналық пунктерде орналаспақ.


Соңғы жаңалықтар