СҚО дәрігерлері Түркияға шұғыл көмек көрсету үшін ұшады

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Түркиядағы зілзаланың салдарымен күресуге Солтүстік Қазақстан облысынан бес дәрігер аттанады. Олардың барлығы жоғары санатты білікті мамандар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО ішкі саясат басқармасының мәліметінше, Солтүстік Қазақстан облысы басқа өңірлер сияқты бауырлас халыққа көмек көрсету үшін медициналық мамандарды жібермек. Оған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркиядағы жойқын жер сілкінісінің зардаптарын жоюға шұғыл көмек көрсету тапсырмасы негіз болған.

«Біздің облыстан Түркияның зардап шеккен аймақтарына бес дәрігер аттанады. Олар жоғары санатты дәрігерлер: дәрігер-хирург - Руслан Абетов, дәрігер-реаниматолог – Сергей Ишин, ортопед-травматолог – Евгений Никонов, екінші санатты дәрігер-нейрохирург – Максим Задворный және жалпы практика дәрігері – Нияз Әбдірақымов», - делінген баспасөз хабарламасында.

Бұған дейін қазақстандық құтқарушылар мінген ұшақтың Түркияның Газиантеп қаласына қонғанын жазған едік.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, зілзаладан зардап шеккен аймаққа өңірден мамандар жіберілмейді. Жер сілкінісі салдарын жоюға көмек көрсету үшін республикалық ведомство мамандары аттанды. Барлық қажетті құтқарушы құрал-жабдықтармен жарақтандырылған олар іздестіру-құтқару жұмыстарымен айналыспақ.


Соңғы жаңалықтар