СҚО-дан ұрланған бір үйір жылқы Ақмола облысынан табылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданында ұрланған 40 жылқы Ақмола облысынан табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр 19 қарашада Уәлиханов ауданының полиция бөліміне шалғайдағы Қазанғап ауылының тұрғыны арызданып, еркін жайылымнан 40 жылқының жоғалғанын айтқан. Жәбірленуші малды бірнеше күн өзі іздеген, кейін учаскелік полиция инспекторына жүгінген.

Болжам бойынша қылмыс қарашаның 4-і мен 8-і аралығында жасалған. Келтірілген шығын 15 миллион теңгеден асты.

Аталған факті «Мал ұрлығы» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаровтың айтуынша, криминалдық полиция басқармасы мен аудандық полиция бөлімі тәжірибелі қызметкерлерден жедел-тергеу тобын құрған. Мал ұрлығы бойынша бағдар облыстың аумақтық полиция бөліністері мен еліміздің полиция департаменттеріне жолданды.

Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде ұқсас белгілері бойынша екі жылқы көрші Ақмола облысының Зеренді ауданы тұрғындарының бірінің қосалқы шаруашылығынан табылған. Салынған таңба жануарлардың жәбірленушіге тиесілігін растады.

Одан әрі жүргізілген жедел іс-шаралар нәтижесінде, бұл жылқыларды туысына тастап кеткен 53 жастағы Бурабай ауданы тұрғынының ізіне түсуге мүмкіндік берді.

Нәтижесінде жедел уәкілдер осы ұрлыққа қатысы бар 35 пен 50 жас аралығындағы Ақмола облысының үш тұрғыны мен екі солтүстікқазақстандықты анықтады. Күдіктілердің барлығы да табыншылар.

Тергеу жарты жылдан астам уақытқа созылды, ұсталғандар өздерінің қылмысқа қатыстылығын жоққа шығарып, берген жауаптарын бірнеше рет өзгерткен.

Дегенмен, жедел-тергеу тобы қылмысты ашты. Бірнеше күн, күдіктілер ауысып отырып, ұрланған жылқыларды Ақмола облысына айдап апарып, сол жерде бөлген. Қазіргі уақытта материалдар сотқа тапсырылды.


Соңғы жаңалықтар