СҚО-дан биыл әскер қатарына 600-ге жуық бозбала алынбақ

Фото:
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Біртұтас ұлт - біртұтас әскер» ұранымен күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Биыл өңірден 600-ге жуық бозбала әскер қатарына алынбақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО қорғаныс істері департаментінің мәліметінше, әскерге шақыру жоспарына сәйкес осы күзде өңірден 600-ге жуық бозбала Отан алдындағы борышын атқаруға аттануы тиіс. Барлық іріктеу іс-шараларынан өткеннен кейін олар мерзімді әскери қызмет атқару үшін ҰҚК Шекара қызметінің, Қарулы Күштердің, Ұлттық ұланның, Төтенше жағдайлар министрлігінің және Мемлекеттік күзет қызметінің әскери бөлімдеріне жіберіледі.

«Күзгі шақыру науқанына дайындық жұмыстары ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығы негізінде 10 шілдеден бастап жүргізілді. 1 қыркүйектен бастап СҚО аумағында 14 шақыру және медициналық комиссия, оның ішінде 12 аудандық, 1 қалалық және 1 облыстық шақыру комиссиясы жұмысқа кірісті. Ал оған дейін жергілікті әскери басқару органдары шілде мен тамыз аралығында әскерге шақырылуы тиіс жастарды алдын ала зерделеп, іріктеу жүргізді: денсаулық жағдайы, білім деңгейі, моральдық-психологиялық және физикалық жай-күйіне байланысты бөлу жүргізілді», - дейді СҚО қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары Марат Кәрімов.

Маманның айтуынша, әскерге шақыру қағазынан бөлек екі жылдан бері әрбір әскерге шақырушыға SMS- хабарлама жіберіліп келеді.

«Әскерге баруға тілек білдіргендер саны артып келеді. Бұл – атқарылып жатқан жұмыстың нәтижесі. Мәселен, тек 2 қыркүйек күні ғана Петропавл қалалық қорғаныс істері жөніндегі шақырту пунктіне 130 адам келіп, әскерге баруға тілек білдірді», - дейді Марат Кәрімов.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 1 қыркүйектен бастап елімізде күзгі әскерге шақыру кезеңі басталды.

Айта кетсек, мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту мақсатында қорғаныс ведомствосы шақыру учаскелеріне тіркеу туралы куәліктерден бас тартуды, сондай-ақ әскери қызмет өткермеген азаматтарға әскери билет беруді алып тастауды ұсынып отыр.

Сондай-ақ, 2023 жылдан бастап « Әскерге тіркеу билеті « қолданыстан алынады.


Соңғы жаңалықтар