СҚО-дағы Якорь ауылына 20 жылдан кейін таза су жетпек

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Якорь елді мекенінде ескірген су құбырларын ауыстыру жұмыстары басталды. Тұрғындар бұл сәтті 20 жылға жуық күткен еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылжар ауданы Якорь елді мекенінің 2 мыңнан астам тұрғыны бар. Ауыл халқы шамамен 20 жылдан астам судан тапшылық көріп отыр. Мұнда ол белгілі бір уақытқа, яғни сағат 16.00-ден 23.00-ге дейін ғана беріледі. Оған тозығы жетіп, ескірген құбырлар себеп.

«Құбырларды тот басқан, одан аққан су сарғылт түске боялады. Әбден тозығы жеткендіктен бар қуатында және тәулік бойына қоса алмаймыз. Шіріген құбырлар бірден жарыла бастайды», - дейді Якорь ауылдық округінің әкімі Валерий Тихий.

Биыл елді мекенде су жүйесін ауыстыру жұмыстары басталды. Ауылда 12 шақырым су құбыры жаңадан төселмек. Іске асыруға республикалық, облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Жоба 463 млн теңге тұрады. Мердігер компания жұмысты мамыр айында бастап, осы күнге дейін 5 шақырымын ауыстырды. Жоспар бойынша келесі жылы ауылдықтар таза суға қол жеткізбек.

Мердігер суды биыл да берер еді, алайда, бағаның өсуіне байланысты еңбекақыға, жұмсалатын шығынға түзету енгізеді. Сол себепті ауылға таза су келесі жылы ғана берілмек.

Ал жұмыстың сапалы атқарылуы, қаражаттың тиімді жұмсалуы өңірдің азаматтық қоғам белсенділерінің назарында болады.

«Қоғам мұндай ірі жобаларды бақылауда ұстауы керек, ол жайында біз 3-4 жылдан бері айтып келеміз. Енді биылдан бастап мемлекеттік сатып алу туралы типтік келісім-шартта тапсырыс берушілердің немесе олардың өкілдерінің техникалық ерекшелікке немесе жобалық-сметалық сәйкестігін тексеру тармағы пайда болды. Алдымен бұл сұрақты Қызылжар ауданының тұрғын үй-коммункалдық шаруашылығымен пысықтадық, өйткені олар тапсырыс берушілер. Кейін Қызылжар ауданының әкіміне осы жерде алғаш рет осындай бақылау жұмысын жүргізуді ұсындық. Енді бүгіннен бастап ауылдың белсенді үш азаматы жұмыстың атқарылу барысын бірге қадағалайтын болады. Олар құжат бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің өкілдері. Кейін жыл соңында тұрғындармен есеп беру кездесуін өткіземіз. Мұны біз қолданысқа енгізуіміз керек, тұрғындар өздері де атқарылып жатқан жұмыстың сапалы болуын бақылауда ұстауға атсалысуы қажет», - дейді «Бірінші сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа орталық» РҚБ СҚО бойынша филиал басшысы Руслан Асаубаев.

Естеріңізге салайық, Якорь ауылындағы су мәселесін халықтың сұрауымен медиатұлғалар да бірнеше рет көтерген еді.



Соңғы жаңалықтар