СҚО-дағы ұйым-кәсіпорындарда қазақ тілін оқытатын 300-ге жуық үйірме жұмыс істейді

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Қазақ тілі» қоғамының кеңейтілген алқа мәжілісі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалының кеңейтілген алқа мәжілісі Халықаралық ана тілі күніне орайластырылды.

«Тіл – рухани мұрамызды сақтау мен дамытудың ең күшті құралы. ЮНЕСКО-ның мәліметінше, әлемнің шамамен 6 мың тілінің жартысы жақында жойылуы мүмкін. Мемлекеттік тілге деген қажеттілікті арттыру бүгінгі күні ортақ міндетіміз. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы елімізде осы бағытта ауқымды жұмыстарды атқаруға міндеттеп отыр. Облыстық филиал алғаш рет осындай іс-шара өткізіп жатыр», - деді жиынға қатысқан СҚО әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов.

СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Жамантаевтың айтуынша, өңірде тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы тиімді жүзеге асып жатыр. Облыстық тілдерді оқыту орталығы арқылы оқытылатын тыңдаушылар қатары жыл сайын артып келеді. 2020 жылы 114 қазақ және 22 ағылшын тілі тобында 2 400-ге жуық адам оқыған. Былтыр 140 топта – 2474 адам: 124 - қазақ, 16 – ағылшын тілін меңгерген. Ал биыл 3008 адамды қамтыған 142 топ құрылмақ, оның 127-сі қазақ тілін оқытады. Осы мақсатқа 20 млн теңге бөлінді.

«Тыңдаушылардың құрамында қарапайым тұрғындар, мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органы қызметкерлері, тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсету мекемелерінің, денсаулық, білім, мәдениет және спорт саласы қызметкерлері бар. Облыс аудандарында және Петропавлда жергілікті бюджет қаражатына ересек тұрғындарды оқытатын қосымша 71 топ ұйымдастырылды, соның 61-і қазақ топтары. Сонымен қоса, облыстың ұйым, кәсіпорындарында 266 үйірмеде 3800-ден астам тыңдаушы қазақ тілін меңгеріп жатыр», - дейді Нұрлан Жамантаев.

Маманның айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарда қазақ тіліндегі құжаттардың үлес салмағы 94,9 %-ды құрады. Алайда, құжаттарды аудару барысында негізінен компьютерлік аударма қолданылады, бұл аударманың сапасына әсер етеді екен.


Соңғы жаңалықтар