СҚО-дағы ұстаздар әулетінің ортақ еңбек өтілі – 4 ғасырға жуық

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы Огневой ұстаздар династиясының ортақ еңбек өтілі 400 жылға жуық. Әулеттің басында тұрған Виктор Огневой 90-ға келгенше мектепте жұмыс істеді. Ол өзі еңбек еткен ауылда пионер поштасын құрып, мектеп музейінің негізін қалады. Ұстаздардың кәсіби мерекесі қарсаңында ҚазАқпарат тілшісі әке жолын қуып, мұғалім болған Наталья Огневаямен сұқбаттасқан еді.

- Огневая ұстаздар династиясы әкеңіз Виктор Огневойдан басталған екен. Виктор Акимович туралы айтып берсеңіз.


- Әкем 1925 жылы Ақмола қаласында туған. Соғыстан кейін педучилищеге түсіп, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын алып шығады. 1947 жылы еңбек жолы басталып, Ақмола облысында мұғалім болады. Кейін Ново-Палестиновка және Гайдар елдімекендерінде мектеп директоры қызметін атқарды. Осы Гайдар елдімекенінде бұрын-соңды болмаған пионерлер поштасын құрды. 3-4 сынып оқушылары пошташылардың қызметін атқарып, газет-журналды, хаттарды үйді-үйге таратты. Ал пошта бөлімшесін 4-сынып оқушысы «басқарды». Балалар бұл жұмысты жауапкершілікпен атқарды.

1969 жылы біз отбасымызбен қазіргі тұрып жатқан Соколовка елдімекеніне көшіп келдік. Әкем 1972 жылы мектепте «Гайдариана» музейін ашты. Балалар Аркадий Гайдардың Арзамастағы, Льговтегі жерлестерімен хат-хабар алмасып, Гайдар жүріп өткен жерлерді аралады. Виктор Акимович Мәскеуде және Артекте өткен Х Бүкілодақтық пионерлер слетіне де қатысқан. 1983 жылы комсомолдардың 19 съезінде ол Аркадий Гайдар медалімен марапатталды. Ол – Қызылжар ауданының құрметті азаматы. 2016 жылға дейін өзі құрған музейге жетекшілік етті. Оның ісін бүгінде мен жалғастырып жатырмын.

- Қазір ол музей қандай бағытта жұмыс істеп жатыр?

- Соколовка орта мектебінің В.А.Огневой атындағы өлкетану мұражайы деп аталады. 26 бөлімнен құралған, 5 мыңдай жәдігер бар. Жалпы, біздің мектебіміз облыстағы тарихы тереңде жатқан білім ордаларының бірі. 1878 жылы құрылған. Қазіргі ғимаратқа 1975 жылы көшкен. Музейге соның 4 бөлмесі бұйырды. Тәуелсіздік, өлкетану, жауынгерлік даңқ және мектеп залдары жұмыс істейді.

1977 жылы Соколовка маңында археологтар қазба жұмыстарын жүргізіп, 2500 жыл бұрынғы жәдігерлерді тапты. Солардың ішінде Будда бейнеленген ерекше бойтұмар да бар.

Еңбек адамдарына арналған бұрышымыз да бар. Соколов жөндеу-механика зауыты елдімекендегі байырғы кәсіпорындардың бірі. Келесі жылы зауыт өзінің тоқсан жылдығын тойлайды. Бүгінде ол «Дизель» ЖШС деп аталады. Осы зауытқа қатысты қызықты бір мәліметті айтайын. 1935 жылы АҚШ-қа оқуға жұмысшылардың тобы - электр дәнекерлеуші және автогеншілер жіберіледі. Солардың бірі - Ф.Е.Чайко деген азамат, музейге АҚШ-та түскен фотосын сыйлады. Оның ұрпағы әлі күнге дейін Соколовкада тұрады.

- Сіздердің отбасылық ұстаздар династиясының ортақ еңбек өтілі 4 ғасырға жуықтапты. Сізге мұғалім мамандығын таңдауға не себеп болды?

- Біз анда-санда есептеп қоямыз, династияның еңбек өтілі 400 жылға жақын. Әкем жасы 90-ға келгенше мектепте жұмыс істеді. Көпшілігі зейнет жасына дейін еңбек етеді. Менің, ағам мен сіңлімнің мұғалім болуына әрине әкем түрткі болды. Оған қазір өкінбеймін, өз жұмысымды жақсы көремін.

Виктор Акимович Петропавлдағы педагогикалық институтта музыка-педагогикалық факультеті ашылатындығын естіп, маған соған барасың деді. Менің музыкадан бастауыш білімім бар еді.

Институтты бітірісімен балабақшада музыкалық жетекші болып еңбек жолымды бастадым. Соколов орта мектебінде жұмыс істеп жатқаныма жақында 20 жыл толады. Музыка пәнінен сабақ беремін.

Мен өзім бітірген мектепте жұмыс істеймін, үйім дәл мектептің жанында тұр. Кішкентайымыздан әкеміздің жұмысын көріп өстік, мен өз өмірімді бүгінде мектепсіз елестете алмаймын.

- Алғашқы ұстазыңыз есіңізде ме?

- Ия, өте жақсы есімде қалды. Мария Васильевна Погоржальская. Атбасар ауданы Гайдар ауылындағы бастауыш мектепте бізге сабақ берді. Жас, әдемі және мейірімді болатын.

Бірде ойнап жүріп сыныптастарымның бірі тізесін жаралап алды. Біз, балалар, оны әке-шешесіне емес, мұғаліміміздің үйіне әкелдік.

- Огневой мұғалімдер династиясы жалғасын табады ма?

- Менің сіңлім Татьянаның қызы - Александра «Жас Дарын» өнер мектебінде музыкадан сабақ береді. Біздің факультетті қызыл дипломға бітірді.

- Мерекеге орай әріптестеріңізге қандай тілек жолдар едіңіз?

- Мектепте жұмыс істейтін мұғалім уақыт өте келе әмбебап болады, оның қолынан келмейтіні жоқ, ал зейнет жасына қарай «супер» адамға айналады деп айтар едім. Өздеріңіздің және айналаңыздағылардың денсаулықтары жасы болсын! Естеріңізде болсын, сіздер жылдан-жылға кемелденіп жатырсыздар, бұл жолда сіздерге еш нәрсе кедергі болмасын!

- Мерекеңіз құтты болсын, рахмет!


Соңғы жаңалықтар