СҚО-дағы толық циклды зауыт жылына 1,2 млн биг-бэг шығармақ

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы биг-бэг шығаратын кәсіпорын жаңа деңгейге өтіп, толық циклды өндіріске көшті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов жұмысын бір жылға жетер-жетпес уақыт бұрын бастаған биг-бэг, яғни үлкен қаптар шығаратын өндірісте болып, алған әсерімен әлеуметтік желідегі жеке парақшасында бөлісті.

«Өңір экономикасы әртүрлі бағытта дамуы қажет. Әсіресе өнеркәсіпте түрлі жобалар жүзеге асуда. Солардың бірі - бидай, құрылыс материалдарын, кен сақтайтын жұмсақ контейнерлер өндірісі. Бір жыл бұрын бұл ғимарат бос жатты. Қазір мұндағы тыныштықты тоқыма станоктарының дыбысы бұзған. Барлық өнеркәсіптік аймақта осылай гуілдеп тұруы керек», - деп жазды Құмар Ақсақалов.

Кәсіпорын толық циклда жұмыс істейді. Яғни қажетті жіпті осында әзірлеп, матаны өздері тоқиды. Қазір мұнда 148 жұмысшы болса, олардың санын 300-ге жеткізу жоспарда бар.

Жобаны толық жүзеге асыруға 1,5 млрд теңге қаражат жұмсалмақ. Кәсіпорын жылына 1,2 млн биг-бэг шығаруды мақсат етіп отыр.

«Бұл жобаны осындай қысқа уақытта жүзеге асыру мемлекеттің көмегінің арқасында мүмкін болды. Өңірде қолға алынған әр инвестициялық жоба жеңілдетілген несие, субсидия, инфрақұрылымды тарту сияқты қолдауға ие. 3 жыл бұрын облыс орталығында 30 бос тұрған нысан болды. Бүгінде оның жартысынан астамы жаңа кәсіпорын ашу мақсатында жаңғыртылды. Қалғандары да іске қосылады», - дейді облыс әкімі.

СҚО-да металпластик бұйымдар шығаратын зауыт және тұрмыстық химия фабрикасы ашылды. Термос-вагондар құрастырыла бастады. Тағы бірқатар жобалар кезегін күткен.

«Жақында ламинатталған фанера шығаратын фабрика іске қосылмақ. Немістің «CLAAS» концерніне арналған ғимарат жөнделіп жатыр, трансформатор шығаратын электртехникалық зауытты ашу жоспарда бар. Тағы бір үлкен жобалардың бірі – қағаз өндірісін қолға алу», - деп жазды өз парақшасында Құмар Ақсақалов.


Соңғы жаңалықтар