СҚО-дағы Тереңкөлде балықтың қырылу себебі анықталды

Фото: Фото: instagram.com/ecologysko
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Тереңкөлдегі балықтың қырылуына жәндіктердің тұншығуы себеп болған. Өңірдің экологтары тексерістің нәтижесін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге салайық, сәуір айының соңында СҚО Аққайың ауданы Тереңкөлде балықтың қырылу фактісі тіркелді. Оқиға орнына экологтер, Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы, СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, Аққайың ауданының ветеринария қызметі мамандары және «НПЦ РХ» ЖШС қызметкерлері аттанып, балықтың қырылу себебін анықтау үшін өлген балықтың ұшасы мен су сынамасы алынды.

100 кг шамасында өлген су жәндігі жиып алынып, жойылды. Мамандар балықтың қырылу себебін анықтады. Облыстық экология департаментінің мәліметінше, Тереңкөлдегі балықтардың қырылуына су қоймасындағы таяз учаскелердің қатып қалуы себеп.

«Тереңкөл көлінде балықтың ішінара қырылуы су қоймасының таяз учаскелерінің түбіне дейін қатуы салдарынан болды. Қыста қатты аяздан өңірдегі су айдындарында мұздың қатуы 1-1,5 метрге жетті. Көлді жалға алушыға су айдынының гидрохимиялық режимін жақсарту үшін су айдынына тұрақты мониторинг жүргізу, артық өсімдіктерді шабу және аэрация жүргізу бойынша мелиоративтік жұмыстар жүргізу ұсынылды. Ал су қоймасын жалға алушы жануарлар дүниесін қорғау, балық өсімін молайту және пайдалану туралы заңнаманы бұзғаны үшін табиғатқа келтірілген залалды өтейді», - дейді экология департаментінің мамандары.


Соңғы жаңалықтар