СҚО-дағы шошқа фермасында 4 адам қаза тапты

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданындағы «EMS AGRO» шошқа кешенінде төрт жұмысшы қаза тапты. Оқиға болған Новоивановка елді мекеніне өңір басшысы Айдарбек Сапаров барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрт жұмысшысы ауысым аяқталысымен мал бордақылау алаңынан шықпаған.

Кейін тексеру барысында олардың тереңдігі 8 метрлік кәріздік жинақтаушыны тазалау барысында қаза тапқандығы анықталды.

Оқиға орнына СҚО әкімі Айдарбек Сапаров, оның бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов, облыстық полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов, Тайынша ауданының прокуроры Ғалымжан Әубәкіров және мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бастығы Марат Омаров барды.

Облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды.

Төрт жұмысшының мерт болуына не себеп болғандығы анықталып жатыр. Өңір басшысы олардың отбасыларына барып, көңіл айтты.
Бұған дейін, СҚО-дағы Питное көлінде 100 кг астам балық қырылғанын айтқан едік. Мамандар оқиға орнына шығып, өлген балықтың ұшасы мен судың сынамасын алды. Су жәндіктері бұл су қоймасында осыдан үш жыл бұрын да қырылды. Ол жолы 500 кг балықтың өлексесін жинап алып, жоюға тура келді.



Соңғы жаңалықтар