СҚО-дағы шалғай ауылдың дәрігері 3,5 мың адамға медициналық көмек көрсетеді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысындағы Қулыкөл ауылының дәрігеріне көрші облыстың тұрғындары да келіп қаралып, ем алады. Қазір оның пациенттерінің саны 3,5 мыңнан асқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Уәлиханов ауданындағы Қулыкөл ауылы - Солтүстік Қазақстандағы ең шалғай орналасқан елдімекендердің бірі. Облыс орталығымен ара қашықтық - 660 шақырым. Қаймағы бұзылмаған қазақ ауылының мектебі, ішер суы бар. Ең бастысы емхана жұмыс істеп тұр.

«Окулисі де, гинекологы да, педиатры да, терапевті де - біз. Мінекей, 40 жыл болды, осы Қулыкөлде ғана еңбек етіп жатқаныма. Өмір үйретті. Ауылда тұрғаннан кейін араласпай-құраласпай жүрмейсіз. Қонақтар да болады. Күнде деп айтпаймын, кездеседі, отырған жеріңнен шақыртып әкетеді. Біреуі көлік апатынан, біреуі қолын кесіп алады, әйелдер босанып жатады», - дейді ауылдық емхананың меңгерушісі Сайлау Ыдырысов.

Қулыкөлдіктердің сөзіне қарағанда, емхананың түп қазығы да осы - Сайлау Ыдырысов. 40 жыл ауыл ауруханасында тапжылмай еңбек еткен тәжірибелі маман зейнетке шыққасын қалаға көшкен. Бірақ туған жерге деген сағыныш жанына тыныштық бермепті. Былтыр қайтып келген дәрігер қазір сүйікті ісімен айналысып жүр.
null

Сайлау Әубәкірұлының негізгі мамандығы хирург болса да, қазір ол терапевтің, балалар дәрігерінің қызметтерін қоса атқарып жүр. «Барлық маманнан хабарың, тәжірибең болу керек, ауыл дәрігерінің ерекшелігі де сол», - дейді білікті маман.

Қулыкөл емханасы кезінде аурухана болған. Қолы жеңіл хирург ауыл ауруханасында жылына 150-дей түрлі ота жасаған кездері болды. Оңтайландырудан кейін мекеме ауыл емханасына айналыпты. Қазір мұнда Сайлау Ыдырысовтан басқа 4 медбибі екі ауылдық округтің 2 мыңға жуық тұрғынына қызмет етеді. Шалғайда жатқан ауыл дәрігеріне тіпті, көрші Павлодар облысының жақын маңдағы 4 ауылының 1,5 мың адамы да келіп, ем қабылдайды екен.

«Краснокутскийден, әлі есімде, бәлен жыл өтсе де, 14 жасар баланы әкелді. Ішегі оратылып қалыпты. Соны осында өзіміз істедік. Сағат 11-дің кезінде әкеп тұр. 2 сағат ішінде операция істеуіміз керек. Заворот деген сондай, ана дүниеге өтіп кетуі мүмкін. Сол бала дөкей жігіт болды», - дейді дәрігер.

Дәрігерлік - Ыдырысовтардың отбасылық кәсібіне айналған бүгінде. Сайлаудың әкесі Әубәкір соғыста әскери фельдшер болған. Ұлының медицина саласына бет бұруына сол кісі мұрындық болыпты. Қазір Сайлаудың бір баласы хирург, бір ұлы сот-медицина сараптамашысы, тағы екі баласы невролог және невропатолог болып еңбек етуде. Олар үшін Сайлау Ыдырысов ардақты әке ғана емес, үлгі тұтар тәжірибелі білікті ұстаз да. Бүгінде балаларынан 5 немере сүйіп отыр. Солардың бірі - биыл мектептің тоғызыншы сыныбын бітірген Даниал Сайлау болашақта хирург болып, ата жолын жалғастырмақшы.
null

Соңғы жаңалықтар