Валюта бағамдары:
    usd/kzt 476.71 eur/kzt 467.03

    rub/kzt 8.36 cny/kzt 67.1
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: +2+4℃
  Jańalyqtar  >

СҚО-дағы шағын ауыл мектебінің тоғыз түлегі де білім гранты иегері атанды

2022 жылғы 11 тамыз 11:11

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Бексейіт ауылындағы орта мектептің биылғы 9 түлегі де грантқа оқуға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Мамлют ауданы Бексейіт орта мектебінің биылғы 9 түлегі де жоғары оқу орнына грантқа түсті. Талапкерлердің үшеуі Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін, қалғаны – жергілікті М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін таңдаған. «Алтын белгі» иегері Нұрай Текебас енді «ақпараттық технологиялар» мамандығы бойынша оқиды. Тағы екі түлек осы мамандықты таңдаса, біреуі өсімдік шаруашылығы бойынша білім алады. Қалған талапкерлер түрлі пәннен мұғалім мамандығын алып шықпақ.

«Бұл ретте әрбір шәкіртіне өз жүрегінен орын беріп, болашағынан үлкен үміт күтіп, бар еркелігін көтеріп, қалаған мамандығының грант иесі болуына күш-жігерін жұмсаған ұстаздар қауымы мен балаларының болашағы үшін бәйек болған ата-аналардың да еңбегі өлшеусіз. Бұл ұстаздар қауымы үшін еңбектің ақталғаны, зор жетістік, ерекше қуаныш деп білеміз», - дейді Бексейіт орта мектебі директорының орынбасары Әкежан Мақсатұлы.

Ауыл мектебін былтыр 7 бала бітірсе, солардың алтауы грантқа түскен, біреуі жоғары оқу орнын ақылы түрде оқып жатыр.

«Балаларымыздың осындай жақсы көрсеткішке жетуі, ең алдымен ұстаздарымыздың, яғни бүкіл мектеп ұжымының біріге, жұмыла еңбек етуі, ҰБТ-ға балаларды дайындайтын мұғалімдердің өздерінің жеке уақыттарын бөліп, оқушыларының жетістікке жетсін, жақсы білім алсын, грант иегері атансын деген тілегі», - дейді Әкежан Мақсатұлы.

Өткен оқу жылында Бексейіт орта мектебінде 63 оқушы оқуған. Биыл 1-сыныпқа әзірге 4 бүлдіршінді қабылдап отыр. Мектеп директоры орынбасарының айтуынша, мұғалім жетіспеушілігі жоқ. Қазір 25 ұстаз еңбек етсе, соның 9-ы – осы білім ордасының түлектері.

Жалпы СҚО-да биыл 74 мыңнан астам оқушы білім алды. Олардың 3 387-сі – 11-сыныпты тәмамдады. Олардың шамамен 75 %-ы ҰБТ-ға қатысуға тілек білдірді.


Автор:

Ақерке Дәуренбекқызы

Новости по теме
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары