СҚО-дағы Погодин драма театры көрермендерін бірнеше премьерамен қуантпақ

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы Николай Погодин атындағы орыс драма театры биылғы атаулы даталарға орай репертуарларын жаңа спектакльдермен толықтырмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық театр Абайдың 175 жылдығына орай Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы желісі бойынша спектакль қоймақ. Оны белгілі режиссер Талғат Теменов сахналайды.

Сондай-ақ ұжым Жеңістің 75 жылдығына байланысты өнер ұжымы көрермендеріне «Небесный тихоход» спектаклін ұсынбақ. Алексей Яковлевтің «Я люблю тебя, эскадрилья» пьесасы негізінде 1946 жылы көркем фильм түсірілді. Сол себепті шығарма аға буын өкілдеріне жақсы таныс.

«Соғыс тақырыбында жазылған шығарма өте көп. Таңдау қиын болды. Ұжыммен барлығын саралап, қарап шықтық. Сөйтіп таңдауымыз осы пьесаға түсті. Бұл қойылым арқылы адамдардың соғыс уақытында да махаббат, адалдық, достық, сүйіспеншілік секілді сезімдерді ұмытпай, жоғары бағалағанын көрсеткіміз келеді. Фильмде актерлер осы сезімдерді ерекше жеткізе алды. Мұнымен қоса, көркем туынды соғыс аяқталысымен халыққа үміт беру мақсатында жарыққа шықты. Біз де қандай жағдайда болмасын адами қасиеттерден айрылмау қажеттігін айтқымыз келеді», - дейді Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының көркемдік жетекшісі Елена Покрас.

Театр актерлерінің дайындықты бастағанына он шақты ғана күн өткен. Анатолий Наргеленас бұл қойылымда басты рөлдердің бірін сомдайды. Оның пікірінше, пьесада адамдар арасындағы қарым-қатынас жақсы көрсетілген.

«Соғысқа қарамастан адамдардың бойындағы жақсы қасиеттер ешқайда жоғалған жоқ. Керісінше, осындай қиын уақытта барлығының қадірін жақсы түсіне бастайсың. Жақсылыққа үміт артасың. Менің де кейіпкерім дәл солай айнала отқа оранып жатса да соғыстың аяқталып, отау құратынына сенеді», - дейді сахнагер.

Қойылымның тұсаукесері сәуір айына жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар