СҚО-дағы Меңгесер тұзды көлінің қасиеті Өлі теңізге пара-пар

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы Меңгесер көлінің минералды суына шомылып, көптеген дертке ем балшығын жағу үшін мұнда арнайы келетіндер саны жылдан-жылға артып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Меңгесер көлі Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют ауданында орналасқан. Петропавлдан 83 шақырым қашықтықта жатқан тұзды көлге оның қасиетін білетіндер шілденің ортасынан бастап ағыла бастайды. Халық бұл жерде дем алып қана қоймай, иммунитеттерін көтеріп, денсаулықтарын түзеу үшін қонып жатып ем қабылдайды.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, көлдің пайдасын көру үшін ол «піскен» кезде келу керек. Яғни су жылыған кезде ондағы шаяндар, экологиялық таза тұзды суда ғана болатын Артемия салина су бетіне көтеріледі. Бұл – көлдің бабына келгені.

«Меңгесердің балшығы күкіртті-сутекті. 1988 жылы жергілікті жоғары оқу орнының студенттері мен оқытушылары көлдің солтүстік жағын зерттеді. Емдік балшығының қабаты 20-30 см, кей жерлерде одан да көп және 30 мың текше метр жерді алып жатыр.


Химиялық-физикалық көрсеткіштері бойынша көлдің суы мен балшығы Ставропольдегі Тамбукан, Қорған облысындағы Медвежка, Новосібір облысындағы Карача және Горькое көлдеріне ұқсас. Израильдегі Өлі теңізбен де салыстырып жатады», - дейді М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің георграфия және экология кафедрасының профессоры Наталья Белецкая.


Мамандардың айтуынша, Меңгесердің балшығы көптеген дертке шипа. Соның ішінде сүйегі сырқырап, балтыры сыздағандарға, остехондроз, омыртқа буындарының қабынуы, остит, миозит, бурсит сияқты буын-сүйек ауруларына ем. Бұдан басқа жүйке жүйесінің ауруларына, асқазан-ішек жолы, бүйрек, тері ауруларына қарсы қолданылады екен.


Алайда, жүрек-қан тамырлары ауруы барларға, екі жасқа дейінгі нәрестелерге, ауру асқынғанда, екіқабат әйелдерге, қатерлі ісігі барларға балшықпен емделуге тыйым салынған.

Жалпы, Солтүстік Қазақстан өңірі шипалы балшығы мен минералды суы бар көлдерге бай. Олардың онға жуығы ғана кезінде зерттеліп, тиімділігі дәлелденген екен. Бірақ бұл тұзды көлдердің адам ағзасына орасан пайдасы болғанымен әзірше игеріліп жатқан жоқ.

Қазіргі уақытта Меңгесер көлінің басына демалып, емделу үшін күніне ғана 500-дей адам келіп кетеді.


Соңғы жаңалықтар