СҚО-дағы мектеп-интернат жүзден астам спорт шеберін дайындап шығарды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында биыл 3 мыңнан астам бала мектеп бітірді. Оның 41-і - олимпиадалық резервтегі облыстық мектеп-интернат-колледж түлектері, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-ның спорттағы дарынды балалардың мамандандырылған мектеп-интернаты 1997 жылы Петропавл қаласында ашылған. Биыл мектептің мәртебесі өзгеріп, олимпиадалық резервтегі облыстық мектеп-интернат-колледж болып қайта құрылды. Енді мектеп түлегі оқуды бітірісімен колледжде оқи отыра, спорттық мансабын жалғастыра алады.

Биыл спорт мектеп-интернатты 41 оқушы аяқтады. Оның 3-еуі - халықаралық, республикалық жарыстардың чемпионы-спорт шеберлері болса, қалғандары да - болашағы зор, спорт шеберлігіне үміткерлер.

«Оқушыларымыз спорттың 13 түрі бойынша жаттығып, шынығады. 20 жылдан артық уақыт ішінде 100 спорт шеберін, халықаралық дәрежедегі 25 спорт шеберін және ҚР еңбегі сіңген 4 спорт шеберін дайындадық. 28 бапкер болса, соның үшеуі ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы атағына ие. Біздің мақтаныштарымыз: Нұрқожа Қайпанов - еркін күрестен, Данияр Кәленов - грек-рим күресінен Азия чемпиондары. Алексей Луценко - велоспорттан әлем чемпионы, Назгүл Маратова - дзюдодан әлем чемпионы. Бұл - біздің жұлдыздарымыздың кейбірі ғана», - дейді олимпиадалық резервтегі СҚО мектеп-интернат-колледж директорының орынбасары Наталья Черноморец.

Мектеп-интернаттың 19 түлегі оқуын колледжде жалғастырады. Жалпы биыл жаңа ашылған арнайы орта оқу орнына 40 бала қабылданбақшы.

«Колледж оқушылары толық мемлекеттің қамтуында болады. Жатақхана беріледі, тегін тамақтандырылады. Қабылдау емтиханын жақсы тапсырғандарға шәкіртақы тағайындалады. Биыл 9 қабатты жатақхана құрылысы басталуы керек еді, енді ол келесі жылға қалды», - дейді Наталья Черноморец.

Соңғы қоңырауға келген қонақтар балаларға ақ жол тіледі.

«Сендердің әрқайсың - чемпионсыңдар. Бұл жерде білімнен басқа құрыштан құйғандай сұлу дене бітімін, мықты денсаулық алдыңдар. Талмай еңбектеніп, соның нәтижесін көріп өстіңдер. Енді өмірде де чемпион болуға тілектеспін. Биіктерді бағындыра беріңдер», - деді түлектерді құттықтауға келген СҚО дене шынықтыру және спорт орталығының директоры Қанат Сәдуақас.

Салтанатты кеште сондай-ақ үздік көрсеткіштерге қол жеткізген оқушылар, ұстаздар, бапкерлер марапатқа ие болды.

Соңғы жаңалықтар