СҚО-дағы Қызыл Оба археологиялық ескерткіші биыл музейге айналмақ

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Қызыл Оба сыры» көрмесі өтіп жатыр. Көрермен назарына өткен жылы қорымда археологиялық қазба кезінде табылған жәдігерлердің бір бөлігі қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қызыл Оба сыры» көрмесі Петропавлдағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде ашылған. Келушілердің назарына Алтын Орда дәуіріне жататын бірегей материалдар қойылды. Соның ішінде су көтеретін механизм – шығырлардың қыш ыдыс қалдықтары, күміс тиындар мен қоладан жасалған айна, алтын сырға бар.

«Жалпы 300-ге жуық жәдігер мұражай қорына тапсырылған. Соның бір бөлігі көрермен назарына ұсынылды. Көрмеде сол кезеңнің мәдениетін, сәулет өнерін көрсететін құнды жәдігерлермен танысуға болады. Көрме бір ай жұмыс істемек. Археологиялық қазба кезінде 4 монета табылды. Алтын сырға табылды. Бұл әшекей шыны маржандармен безендірілген. Табылған кірпіштер күйдірілген, бұл сапаны көрсетеді. Сол кезде кірпіш шығаратын зауыттардың болғандығының бір дәлелі», - дейді музей қызметкері Жансұлу Бекенова.

Қызыл Оба қорымында биыл да қазба жұмыстары жалғаспақ.

«Биыл 3 экспедиция шығады. Археологиялық қазба жұмыстарын біздің орталық мамандары Павлодардағы «Марғұлан центр» аймақтық археологиялық орталығымен Қызыл Обада жүргізеді. Екіншісіне М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті шығады. Олар 6-7 маусым күндері Қызылжар ауданы Долматово елді мекені маңындағы «Ақ ирий» қалашығына аттанады. Үшінші экспедиция Ботай қонысында жұмыс істейді», - дейді дейді СҚО тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры Рақат Мамбеталинов.

Зерттеулерден бөлек биыл Қызыл Обаны археологиялық туризм нысанына айналдыру міндеті тұр. Яғни кез-келген адам бір-екі күнге келіп, қазба жұмыстарына қатыса алады. Алау басында кешті қызықты өткізіп, өзін бір сәт археологтың орнына қойып көреді.

«Біздің тағы бір мақсатымыз – Қызыл Обаны музейге айналдыру. Әдетте археологтар күн жылығасын ғана қазба жұмыстарын жүргізеді. Күн суытысымен қайта жауып кетеді. Биыл біз бұл қорымның үстін жаппақ ниеттеміз. Осылайша ол жыл бойы жаппаның астында ашық жатады. Бұл ескерткішті жақсы сақтауға және келушілерге көрсетуге мүмкіндік береді.

Археологиялық нысандарды музейге айналдыру кешенді бағдарламасына ендік. СҚО нысандарында жұмыстар 4 жыл бойы жүргізіледі. Биыл Қызыл Обаны, келер жылы Сергеевка қаласының маңындағы Байқара ордалық кешенін музейге айналдыру жоспарланған. Мұнда қазба жұмыстары 1999 жылы жүргізілген еді. Бұл - Қазақстанда скифтердің солтүстіктегі ең шеткі ордалық қонысы. Біз қорғанды толық қалпына келтіреміз. Нысанның ішіне кіріп, сол кезеңде діни рәсімдердің қалай жасалғанын көруге болады. Бұл III-IV ғасыр», - дейді Рақат Мамбеталинов.

«Қызыл Обада» қазба жұмыстары 2019 жылы басталды. «Марғұлан центр» аймақтық археологиялық орталығы мен М.Қозыбаев атындағы СҚУ қазбаны қыркүйек айында бастап, барлау жұмыстарын жүргізді. Былтыр 7 маусымда нысанға археологиялық экспедиция аттанды. Мамандар қазан айына дейін жұмыс істеді.

«Былтыр 300-ге жуық жәдігер табылды. Арасында адамның қолының және сібір елігінің іздері бар кірпіштер де бар. Яғни кірпішті кептіруге қойған кезде еліктің, иттің аяқтарының, қолдың іздері түсіп қалған. Қорымнан 4 зират табылып, бес адамның денесі шықты. Сол жерден матаның қалдығы бар қола айна таптық. Өте жақсы сақталған 4 күміс монета алынды. Ресейлік белгілі нумизмат Вадим Петров оның Өзбек ханның тұсында Сарань қаласында, яғни Алтын Орданың астанасында жасалғанын айтты. Өзбек хан тұсында Алтын Орда шарықтау шегіне жетті. Тарихшылардың айтуынша, Өзбек хан өмірінің соңына қарай Сарыарқаның солтүстігін аралап, мазарлар салған екен. Өзбек хан 1342 жылы қайтса, бұл монеталар 1337 жылға жатады.

Қазір біз бір мазарды ғана аштық, қасында әлі зерттелмеген алтауы бар. Арықтардың орны көзге түседі, яғни халқы отырықшы болуы мүмкін. Көрмені «Қызыл Оба сыры» деп атауымыздың өзідік себебі бар. Өйткені қорымға байланысты сұрақ көп, мәселен, күйдірілген қызыл кірпіш қайдан әкелінген, әлде осы жерде жасалынған ба? Осы жерде жасалынса жақын маңда қоныс болуы қажет. Мазарға қарап, оның кіреберісі қай жақта болғанын қазір айта алмаймыз. Ол жабылуы немесе жасырылуы мүмкін», - дейді орталық директоры Рақат Мамбеталинов.

Қызыл Оба қорымына мамандар маусым айының орта шенінде аттанбақ.


Соңғы жаңалықтар