СҚО-дағы көне ғимаратта Ислам мәдениетінің музейі ашылмақ

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында мәдениет саласындағы 14 жобаны жүзеге асыруға биыл 1,2 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов өңірлік коммуникациялар қызметінде брифингіге қатысып, облыста атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Мәселен өңірдің мәдениет саласында биыл 14 үлкен жоба жүзеге асырылмақ.

Бұл мақсатқа 1,2 млрд теңге жұмсалмақшы. Солардың бірі – құрылысы 2018 жылы басталған театр ғимараты.

«Петропавлда С.Мұқанов атындағы қазақ театрының құрылысы басталған. Алайда ондағы жұмыстар берілген кестеден кешеуілдеп жатыр. Қазіргі медігер компания салғырттық танытты. Жоба түзетуге жіберілді. Құрылысты аяқтау үшін қайта конкурс жарияланады», - дейді Ғани Нығыметов.

Ал облыс орталығындағы Киров атындағы зауыттың аумағындағы көне ғимарат жақында музейге айналуы тиіс.

«Көне ғимарат осы уақытқа дейін кәсіпорынның қоймасы ретінде пайдаланылып келді. Президент өңірге келгенде бұл ескі мешітті қалыпқа келтіріп, Ислам мәдениетінің музейін ашуға тапсырма берді. Осы мақсатқа бюджеттен 100 млн теңге бөлінді. Конкурс жарияланды. Құрылыспен айналысатын компания тамыз айының соңында белгілі болады. Ислам мәдениетінің орталығы қала тұрғындарын, келген қонақтарды, туристерді біздің өңірдің тарихымен, Ислам дінінің дамуымен таныстырып, дінаралық қатынасты нығайтуға жұмыс істейді», - дейді облыс әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ, Ақан сері атындағы облыстық филармония ғимараты күрделі жөндеуден өтеді. Көркемөнер галереясы бойынша да жоба әзір, құжат сараптамаға жіберілді.


Соңғы жаңалықтар