СҚО-дағы көлдердің бірінде балық қырылып қалды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы Балықты көлінде балық қырылды. Су жәндігінің неден өлгенін анықтау үшін оқиға орнында балық шаруашылығы инспекциясының мамандары жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Есіл ауданындағы Балықты көлінде балықтың көптеп қырылып жатқандығы жайлы жазба әлеуметтік желіде пайда болды .

Жазба иесі балықтың өлуіне көлді жалға алушылардың уақытында аэрация жүргізбеуі себеп болуы мүмкін деген пікір қалдырды .

СҚО прокуратурасы бұл жағдайды назардан тыс қалдырмады. Прокурорлардың айтуынша, Есіл ауданындағы Балықты көліне табиғатты қорғау прокуратурасының тапсырмасымен Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандары тексеріспен барды. Оның нәтижесі жайында қосымша хабарламақ.

Инспекция мамандары көлді жалға алушыдан түсінік алды. Айтуларынша, су қоймасында бір апта бұрын аумен балық аулау үшін мұзойық жасалған. Қалың қардың қысымымен су ойық арқылы мұздың үстіне кеткен. Салдарынан балық аулау мүмкін болмаған.

«Күн жылы болып, балық ойық арқылы оттегімен байытылған сумен мұз бетіне шыққан. Кейін қайтып кіре алмаған. Түнде ауа температурасы төмендеп, су қатып қалған. Өлген балық жинап алынды. Ал мұзойық арқылы су жәндіктері тағы да жоғарыға шықпас үшін, тиісті шаралар қолданылды. Қырылған балықтың жалпы салмағы – 50 кг», - делінген Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының жауабында.

Есіл ауданы Қарағаш ауылының маңында орналасқан Балықты көлінің аумағы 772,6 га алып жатыр, тереңдігі 2,8 м болса, орташа тереңдігі – 1,5 м. Мамандардың айтуынша, көлде шортан, мөңке, торта, ақтабан, аққайран балықтар мекендейді. Көлден бір жылда 26 тоннаға дейін балық аулауға рұқсат берілген.


Соңғы жаңалықтар