СҚО-дағы көлдерде балық қырылып жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы тағы үш көлде балық қырылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Экология департаменті өңір көлдерінде балықтың қырылу дерегін әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында анықтаған.

Мамандардың айтуынша, Қызылжар ауданы Пресновка ауылының маңындағы Пруд көлінде 150 кг мөңке балығы өлген. Су қоймасы ешкімге жалға берілмеген, балық шаруашылығы су айдындарының резервтік қорына алынған екен.

Балықтың қырылу себебін анықтау үшін экологтар, Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы, СҚО әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, Қызылжар ауданының ветеринариялық қызметі мамандары аттанды. Зертханалық талдау жүргізу мақсатында көл суының және балық ұшасының сынамалары алынды. Ал ауылдық округ әкімдігі қазіргі уақытта көлді өлген балықтан тазартып жатыр.

Айыртау ауданы Арықбалық ауылының маңында орналасқан Логовое көлінде де өлген мөңке балығы су бетіне қалқып шыққан. Мұнда да тиісті сынамалар алынды.

Бүгін әлеуметтік желіде Петропавл маңындағы Пестрое көлінде де балықтың өлген бейнежазбасы жарияланды.

Бұған дейін Тайынша ауданы Теңдік ауылының маңындағы Чаглинка өзенінде балық қырылды. Бұл су айдыны, экологтардың айтуынша, жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының тізбесіне енгізілмеген.

Естеріңізге салайық, Қызылжар ауданы Бугровое көлінде де мөңке балығы қырылған болатын. Мамандар балықтың неден өлгенін анықтау мақсатында тиісті сараптамаларды жүргізді. Нәтижесі тек 5 күннен кейін ғана белгілі болмақ. Алдын ала болжам бойынша, балық ауа жетпей қырылған.


Соңғы жаңалықтар