СҚО-дағы кен орнының қызметкерлері мемлекеттік органдардан көмек сұрады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы титан-цирконий өндіретін әлемдік деңгейдегі бірегей кен орнының жұмысшылары наразылық білдіруде. Олар Обухов тау-кен байыту комбинатын біреулер рейдерлік жолмен басып алмақшы екенін алға тартады. Бүгін брифинг барысында осы комбинаттың 4 жұмысшысы 9 күннен бері аштық жариялап отырғаны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұр-Сұлтан қаласында өткен брифингіде компания басшылары комбинаттың қазіргі жағдайын әңгімелеген болатын. Олардың айтуынша, ресейлік акционерлері саналатын Башқұрт сода компаниясы қазір зауытты банкротқа жеткізіп, сосын оны басқа шетелдіктерге сатып, толықтай солардың басқаруына беруді көздеп отыр. Комбинат өкілдері мен адвокатының сөзіне қарағанда, соңғы кездері аталған нысанға қатысты рейдерлік тартып алудың барлық көріністері байқалған. «Акционер саналатын ресейлік олигархтардың мақсаты компанияны банкроттық жағдайға жеткізу. Сосын оны басқа шетел инвесторларына іс жүзінде қымбатқа сату, ал өздері қағаз жүзінде банкроттықтың алдында тұрған комбинатты өте арзанға саттық деуі де мүмкін. Айналып келгенде ресейлік акционерлердің мақсаты осы болып тұр», дейді адвокат.

Ал «Тиолайн» ЖШС атқарушы директоры Виктор Долгалевтың айтуына қарағанда, Титан-цирконий кеніне талас талайдан бері жалғасып келеді. Бірақ, соңғы кездері жағдай ушыққан. «Комбинаттың ешкімнің алдында қарызы жоқ. Екі жылда бюджетке 780 млн теңге салық төленген. Бізде мүлдем қарыз болған емес, керісінше акционерлердің қарызын өтеп бердік. Енді келіп, жұмыс істеп тұрған комбинатты қолдан банкрот жасамақшы», дейді ол. Оның сөзінше, компания қызметкерлерін қорқыту, өнімдерді негізсіз тәркілеу, кәсіпорын жұмысына кедергі келтіру жиілеп кеткен. Мәселен, соңғы кездері комбинатты электр қуатынан ажыратып тастаған. Соның кесірінен жұмыс тоқтап, 400 жұмысшы 2 айдан бері жалақы алмаған. Тек кейін амалын тауып жарықты қайта қосып алғандарын айтады. Оның өзінде әзірге 160 маман ғана комбинатқа тартылған. Осыған байланысты Обухов тау-кен байыту комбинатының қызметкерлері наразылық білдіріп, мәселеге мемлекеттік органдар мән берсе дегенді алға тартады.


Соңғы жаңалықтар