СҚО-дағы гидротехникалық құрылыстардың 60 пайызы ескірген

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында 26 гидротехникалық құрылыс болса, соның алпыс пайызы ескірген. Яғни, тасқын суға төтеп беру мүмкіндігі төмен. Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі  Есіл бассейндік инспекциясы өңірдегі су шаруашылық нысандарын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазір облыста 26 су шаруашылығы нысаны бар. Оның алтауы республикалық меншікте болса, 3-еуі жеке, қалғаны коммуналдық меншікте.

«Гидротехникалық құрылыстардың басым бөлігі 50-80 жылдары салынған. Ал, жалпы, олардың пайдалану мерзімі - қырық жыл. Яғни, су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы бұл күндері ескірген», - дейді Есіл бассейндік инспекциясының аумақтық бөлім жетекшісі Азамат Қожанов. 

Апаттық жағдайда тұрған Шарық су торабы бүгінде «2020 жылға дейін агроөндірістік кешенді дамыту» мемлекеттік бағдарламасының жоспарына енген. Тасқын судың зардабын азайту мақсатында өңірде басқа да маңызды нысандар біртіндеп жөнделіп жатыр.

«Гидротехникалық құрылыстардың маңызы өте жоғары. Сол себепті облыстық әкімдік жылда қаржы бөліп, комиссиялық зерттеулер жүргізіп тұрады. Петропавл және Сергеев су тораптары 2019 жылғы су тасқынына дайын. Биыл Уәлиханов ауданындағы «Сегіз көз» су жіберу құрылысы күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Облыс жолдарындағы үлкен диаметрлі су өткізгіш құбырлардың жетеуіне күрделі жөндеу жүргізілді», - дейді Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Антон Федяев.

Сондай-ақ, Есіл өзенінің Қызылжар ауданы және Петропавл қаласынан өтетін аңғарларын зерттеген мамандар рұқсат етілмеген жерлерде төрт түліктің суарылатынын анықтаған. Ал, демалыс орнының су үстінде заңсыз жұмыс істеп тұрған моншасы тексеріс басталғанға дейін бұзылды.

Автор: Ақерке Дәуренбекқызы

Соңғы жаңалықтар