СҚО-дағы фермадан мектепке бармаған 8 жасар қыз табылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында фермалардың бірінен 32 жастағы әйел мен оның 8 жасар қызы табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, келіншек пен оның қызын тәртіп сақшылары «Стоп-трафик» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында өңірдегі шаруашылықтардың бірінен тапты. Олардың өздерімен бірге еш құжаты болмаған, қыз бала мектеп есігін ашпаған.

Жағдайға ҚР ІІМ миграциялық қызмет комитеті мен жергілікті басқарма араласты. Олардың құжаттары тез арада жасалатын болды. Әйел жайында ақпарат жинау барысында оның Түркістан облысының тумасы екендігі және осы уақытқа дейін еліміздің бірнеше өңірінде тұрғандығы анықталды.

«Жиналған ақпаратты негізге алып, оған құжат жасадық. Бірер күнде келіншек қолына жеке куәлігін алады. Осыдан кейін оның қызына құжат жасаймыз. Балаға қатысты да қажетті ақпарат жиналды, оның Қазақстанның азаматы екені расталды», - дейді СҚО ПД миграциялық қызмет басқармасының бастығы Талғат Әбілов.

Бүгінде әйел мен оның қызы облыстық Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арналған орталықта тұрып жатыр. Ол жерде зардап шеккендерге психологиялық, медициналық және құқықтық көмек көрсетіледі. Құжаты дайын болысымен-ақ қыз бала мектепке барады. Олардың әлеуметтік бейімделуі үшін мұнда бар жағдай жасалған.


Соңғы жаңалықтар