СҚО-дағы Бұлақ ауылында радиация мөлшері шекті деңгейден аспаған – мамандар пікірі

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы Бұлақ ауылы тұрғындарының «жақын маңдағы кен орнынан шығатын радиациядан зардап шегіп жатырмыз» деген күдігі бекер болып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың қоғамдық қабылдауына Бұлақ ауылының тумасы келіп, жерлестерін сол маңдағы алтын кенін өндіретін кәсіпорынның улап жатқанын айтқан еді. Оның сөзіне қарағанда, салдарынан елді мекен тұрғындарын онкологиялық дерт меңдеген. Осыған орай әлеуметтік желіде шу шығып, жұрт мәселенің анығын айтуды сұрады.

Өкілетті орган мамандары Бұлақ ауылындағы, кәсіпорындардағы радиологиялық көрсеткішті алды. Халық ішіп отырған судың сынамасын зертханада тексерді.

«Өндірістік алаңдарда 330 рет, «Әулие Голд Майнинг» ЖШС өндірістік және тұрғын үй жайларында 62 өлшеу жүргізілді, шекті деңгейден асып кету анықталған жоқ. Елді мекенде де 2017-2019 жылдар аралығында мемлекеттік тапсырыс аясында радиациялық фон деңгейін анықтау үшін 90 өлшеу жүргізілді. Рұқсат етілген деңгейден асып түсушілік анықталған жоқ. Осы аралықта ауыз судың 45 сынамасы зерттелді, ауытқушылық анықталған жоқ», - дейді облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Серікбай Қасмақасов.

Есіл ауданындағы Бұлақ ауылында 393 адам тұрады. Мамандардың мәліметінше, Бұлақ ауылдық округі бойынша онкологиялық өсім жоқ. Қазір диспансерлік есепте 5 адам тұр. Қайтыс болғандардың орташа жасы – 71.

«Соңғы 10 ай ішінде Бұлақ ауылында 5 адам көз жұмды. Оның екеуі қатерлі ісік дертінен қайтыс болса, қалғандары кәрілік жетіп, өмірден озды. Онкологиялық аурулардың өсімі жоқ», - дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Айманов.

Соңғы жаңалықтар