СҚО-дағы ауылдың тумасы жерлестеріне фельдшерлік пунктті сыйлады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында Ақжар ауданының тумасы Қасымжан Тәшметов туған ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт ашуға демеушілік көмек көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фельдшерлік-акушерлік пункт Ақжар ауданының 326 тұрғыны бар Май ауылында ашылды. Осы ауылдағы үйде Қасымжан Тәшметов пен оның тоғыз бауырының балалық шағы өткен екен. Үй қаңырап, бос тұрмауы үшін оны халық игілігіне беруді шешкен. Ғимаратты беріп қана қоймай, қалтасынан 2 млн теңге шығарып, күрделі жөндеуден өткізді.

Қасымжан қазір Көкшетау қаласында тұрады. Қ.Құрманбаев атындағы туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері. Медицина ғылымдарының докторы. Сол себепті, үлкен, әрі ыңғайлы үй бос тұрмасын және халыққа өз пайдасын тигізсін деген ниетпен оны фельдшерлік акушерлік пунктке берген екен.

«Біріншіден, ауылдағы медициналық қызметтің деңгейін жақсартуға аз да болса үлес қосу. Екіншіден, басқаларға үлгі көрсету. Туған жерін дамытқысы келетін, елге көмектескісі келетін азаматтарға жақсы бастама болсын. Ал халық бұл медициналық пунктке тек профилактикалық тексерілуге ғана келетін болсын. Халқымыз ауырмасын, денсаулықтары мықты болсын деп тілеймін», - дейді Қасымжан Тәшметов.
null

Медициналық пунктте жайлы әрі кең терапевтің қабылдау кабинеті, ем-шара кабинеті, педиатр бөлмесі бар. Май ауылының тұрғындарына 2 білікті маман қызмет көрсетеді.

«Жаңадан ашылған медпункт барлық қажетті құрал-жабдықпен жабдықталған. Соның ішінде электрокардиограмма аппараты, тонометр, небулайзерлер бар. Алғашқы көмекке қажет барлық құрал-жабдықтар жеткілікті. Компьютер интернетке қосылған», - дейді медициналық орталықтың мейірбикесі Жанаргүл Құсайынова.

Ақжар ауданы Май ауылында медициналық орталық ашуға демеушілік көмек көрсеткені үшін Қасымжан Тәшметов облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ ауылда Қасымжан Қалижанұлының «Сөнбес шырақ» атты кітабы таныстырылды.

Соңғы жаңалықтар