СҚО-дағы ауылда тұрғындар он жылдан бері арақ-шараптан бас тартқан

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы Ковыльное елді мекені көпке үлгі. Ауыл қауіпсіздердің санатында, мұндағы тұрғындар 10 жыл бұрын спирттік ішімдіктерден бас тартқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Ковыльное елді мекені Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда орналасқан.

405 тұрғыны бар ауылда соңғы жылдары бір де бір қылмыс тіркелмеген.

Полицияның есебінде тұрғандар да жоқ. Ауыл тұрғындарының айтуынша, мұның бір себебі – арақ-шараптан түбегейлі бас тарту.

Қазір мұнда дүкендерде спирттік ішімдіктер сатпайды, өйткені сұраныс жоқ. Ойын-тойлар да арақсыз өтетін болған.

«Бұл ауылда тұру қауіпсіз. Түнде тып-тыныш, балаларды да еш қорықпай ойнауға жібере аламыз. Басқа ауылда тұрғанда есік алдына су толы ыдысты қалдыра алмайтынбыз. Өйткені, ұрлап кететін. Қазір үйді де еш қорықпастан ашық тастап кете беруге болады», - дейді Ковыльное елді мекенінің тұрғындары.

Елді мекеннің қауіпсіз болуының тағы бір себебі – мұндағы көшелерге 130 бейнекамера орнатылған, бұл – қоғамдық тәртіпті сақтауда учаскелік полиция инспекторына үлкен көмек.

«Жұмыссыз қалған жоқпыз. Құқық бұзушылықтардың, интернет алаяқтықтың алдын алу үшін жұмыс істейміз. Оқушылармен кездесеміз. Абаттандыру ережелерінің сақталуын да, малды бос жібермеуін де бақылауда ұстау керек.

Ал қылмыс негізінен мастықтан жасалады. Бұл ауылда ондай жоқ», - дейді Тахтаброд ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Дәулет Молдахметов.

Жергілікті кәсіпкер Серік Малаев бейнекамераларды орнатудан бөлек, елді мекеннің әлеуметтік жағдайына да баса назар аударады.

Серікестіктің есебінен балалар мектепте тегні тамақтанады. Жолды да өз қаражатына жөндейді, спорттың да дамуына үлес қосып келеді.

«Спирттік ішімдіктен бас тартқалы бері кәсіпорында да тәртіп бұзу сап тыйылды. Түсініспеушіліктер, жұмысқа келмей қалу дегендер болмайды. Тұрғындар да ауылда жақсы өмір сүруі және ертеңгі күндеріне сенімді болуы үшін жұмыс істейміз», - дейді кәсіпкер Серік Малаев.

Ауылдағы 405 тұрғынның 120-сы қазір ауылына жаны ашыған кәсіпкердің қол астында, ЖШС-де жұмыс істеп жатыр.


Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі


Соңғы жаңалықтар