СҚО-дағы ауылда 6 үй өртенгенде тұрғындарға 8,5 млн теңге шығын келді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Желяково елді мекенінде болған өртте 6 тұрғын үй мен қора-қопсылардан бөлек, малы, үй құстары да жанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Төтенше жағдайлар департаментінде өткен брифингіде Қызылжар ауданы Желяково елді мекенінде болған өртке қатысты мамандар ақпарат берді.

«Тұрғындардан сұрастыру кезінде 8,5 млн теңгенің шығыны келтірілгені анықталды. Өрт кезінде бір ірі қара мал, 4 торай, 40 тауық пен 4 қаз қырылды. Өрт шалған аумақ – 950 шаршы метр. Үш тұрғын үй және 3 бос тұрған үй, екі қора-қопсы өртенді. Бізге бастапқыда «екі бұзау жанып кетті» деп айтты. Ал кешке қарай тұрғындар малдарының табылғанын айтып хабарласты. Сондай-ақ кейбірінің әлі күнге иттері табылмай жатыр. Қашып кеткен екен», - дейді Қызылжар аудандық Төтенше жағдайлар бойынша бөлімнің бастығы Аслан Ахметжанов.

Вагулино ауылдық округінде үйлердің орташа бағасы – 500-700 мың теңге шамасында. Екі отбасы сол ауылдағы бос үйлерге көшіп кірмек.

«Біреуі сол ауылда бос тұрған үйге көшіп кірді. Олар сол үйді шамамен 500 мың теңгеге сатып алмақ. Екінші отбасыға уақытша баспана берілді. Олар да сол ауылдан үй сатып алуды жоспарлап отыр. Ал үшіншісі жалғызбасты зейнеткер. Ол Аққайың ауданындағы қарттар үйіне баратын болып шешті», - дейді Аслан Ахметжанов.

Өртке қатысты Қызылжар аудандық полиция бөлімі «Бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өрт-техникалық сараптама тағайындалып, өрттің шығу себебі анықталады. Материалдық шығын көлемі есептеліп, өрттің шығуына себепкер тұлға іздестіріледі.

Естеріңізге салайық, 2 мамыр күні СҚО-ның Желяково ауылында қураған шөпке от қойғанда, өрт ауылға кіріп, 6 үй жанып кеткен еді. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов өрттен зардап шеккендерге көмек көрсетілетінін айтты.


Соңғы жаңалықтар