СҚО-дағы ауыл әкімдерінің сайлауына 350-ге жуық байқаушы қатысады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында ауыл әкімдерінің сайлауына қатысатын қоғамдық байқаушылардың жұмысын үйлестіру мақсатында штаб құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да ауыл әкімдерінің сайлауына қатысатын қоғамдық байқаушылардың жұмысын «Партиялық емес байқау орталығы» РҚБ облыстық филиалы үйлестірмек. Филиал төрағасы Жанат Мұхаметжановтың айтуынша, штабта 6 адам жұмыс істейді. Науқанның тиімділігін арттыру мақсатында байқаушылар онлайн түрде курстан өтеді.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу қажеттігі туралы мәлімдеді. Мемлекет басшысы мұны елді демократияландырудағы және жергілікті басқару институттарын нығайтудағы маңызды қадам деп атады.

Сайлау барысын қоғамдық бақылауға алу азаматтық борышымыз. Біз жариялылық, ашықтық, әділдік, парасаттылықты пен заңдылықты ұстаным етіп алдық.

Қоғамдық қозғалыс ретінде құрылған облыстағы орталыққа тәуелсіз бақылаушылар еніп, сайлау барысы заңды және легитимді өтеді деген үміттеміз», - дейді Жанат Мұхаметжанов.

Тәуелсіз байқаушыларға блокнот, бейджик, байқаушының жаднамасы әзірленіп, таратылды.

Жалпы, СҚО-дағы 174 сайлау учаскесінде дауыс беруді 348 байқаушы бақылайды. Олардың жұмысын облыстық 5, аудандық 169 мобильді штаб үйлестіреді.

Бұған дейін солтүстікқазақстандықтар 70 ауылдық округ және Мамлютка қаласының әкімін сайлайтынын айтқан едік.

Бір орынға шамамен 3 адам таласпақ.


Соңғы жаңалықтар