СҚО-да жылу тарифін өсірмек болған кәсіпорынның өтінімі бекітілмеді

Фото:
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Севказэнерго» АҚ жылу энергиясына қатысты тарифті көтеру туралы өтініші кейін қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу комитетінің СҚО бойынша департаменті хабарлады.

«Севказэнерго» АҚ жылу энергиясын өндіру, беру, тарату және онымен жабдықтау бойынша реттелетін қызметіне тарифті бекітуге өтінім берген.

Тұтынушылар үшін тариф жобасы - 7436,73 Гкал/теңге (қосымша құн салығынсыз).

Бұл бұрынғы тарифтен 4135,43 теңгеге немесе 125,27% жоғары. Қазір тұрғындар 3301,30 Гкал/теңге (қосымша құн салығынсыз) төлеп келеді.

Өтінімді қараған департамент «Табиғи монополиялар туралы» заңның 21-бабы 4-тармағын басшылыққа ала отырып, энергетикалық кәсіпорынның жаңа тарифін бекітуден бас тартты.

Сондай-ақ, ТМРКД газдың шекті бағасын көтеруге қатысты хабарламаны қараусыз қалдырды.

2 мамыр күні Табиғи монополияларды реттеу комитетінің СҚО бойынша департаментіне 2023 жылғы 1 маусымнан бастап қолданысқа енгізе отырып, «Горгаз-сервис» ЖШС-ның топтық резервуарлық қондырғылары арқылы сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағасын көтеру туралы хабарлама келіп түскен.

«Горгаз-сервис» ЖШС жобасы бойынша сұйытылған газдың 1 текше метрі - 674,6 теңге (қосымша құн салығынсыз) болуы тиіс.

Бұл қолданыстағы бағадан 134,2 теңгеге немесе 19,9% жоғары. Қазір газдың 1 м3 - 540,4 теңге тұрады.

Қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу қағидаларына сәйкес, ТМРКД құжаттардың пакеті толық еместігіне байланысты кәсіпорынның хабарламасын қараусыз қалдырды.


Соңғы жаңалықтар