СҚО-да жылқыны соғып кеткен көліктің жүргізушісі жарақат алды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында көлік жүргізушісі абайсызда жылқыны соғып, жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға Ғ.Мүсірепов ауданында кешке қарай болған. Алматы-Екатеринбург тас жолымен келе жатқан «Ваз-21099» жүргізушісі Рузаевка елдімекеніне 5 шақырым қалғанда қараңғыда жолдағы жылқыны байқамай соққан. 55 жастағы жастағы жүргізуші жарақат алып, ол аудандық ауруханаға жатқызылды. Жылқы сол жерде өліп кеткен, көлікке айтарлықтай зақым келді.

Полицейлердің айтуынша, жылқышы жылқыларды жолдың үстінен айдап алып өтпек болған. Оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.

Ауыл шаруашылығы жануарларын бағу туралы ережеге сәйкес төрт түлікті ортақ пайдаланатын жерде, теміржол және автомобиль жолдарына бөлінген алапта, су қорғау белдеуінде, санитарлық қорғау аймақтарында бағуға болмайды.

Ережеде сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын теміржолдан, жолдың арнайы белгіленбеген жерлерінен, дұрыс көрінбейтін жағдайда және қараңғы уақытта айдап өтуге тыйым салынғандығы көрсетілген.


Соңғы жаңалықтар