СҚО-да жыл соңына дейін кәсіп бастауға 268 грант берілмек

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл жастарға және халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына бизнес-идеяларын жүзеге асыруға 653 грант – 827 млн-ға жуық теңге бөлінген. Оның жартысынан астамы игерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ринат Елжасовтың айтуынша, бүгінге дейін 425 млн теңгенің 385 гранты берілді. Үлестірілген ақшаның орташа сомасы 1,1 млн теңге шамасында.

«Гранттың басым бөлігі ауыл шаруашылығын дамытуға берілді. 236 гранттың 226-сын өңір тұрғындары мал сатып алуға жұмсамақ. 10 адам егіншілікпен айналысады. Екінші орында қызмет көрсету тұр, соның ішінде 21 адам саудамен айналыспақ, 11 адам техникалық қызмет көрсету орнын ашады, 10 тұрғынқұрылыс және жөндеу жұмыстарын қолға алмақ. Грант алғандардың 38-і өз өнімін шығаруды мақсат етіп отыр, оның ішінде азық-түлік те, ағаш-темір бұйымдары да бар», - дейді Ринат Елжасов.

Жыл соңына дейін 400 млн теңгенің 268 гранты берілмек. Қазіргі уақытта грантты кімге беру қажеттігін жергілікті жерлердегі комиссия шешеді. Мамандар бизнес-идеялардың бәсекеге қабілетті болуын, өміршеңдігін, тиімділігін, бизнес жобаны жүзеге асыру барысында экономикалық ойға қонымдылығын ескереді.

«Жыл сайынғы талдау гранттардың кей уақытта мақсатсыз жұмсалатынын көрсетіп отыр. 2018-2022 жылдар аралығында 9,9 млрд теңгенің 2 901 гранты берілген. Оның 0,4 % немесе 36 млн теңгесі қайтарылуы керек. Бұл соманың 9,2 млн теңгесі сот арқылы қайтарылды», - дейді Ринат Елжасов.


Соңғы жаңалықтар