СҚО-да жыл басынан бюджетке 75,6 млн теңге мүлік салығы есебінен түскен

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында меншік құқығы бар 170 мыңнан астам тұрғын бар, олар биыл бюджетке 75,6 млн теңге мүлік салығын төлеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, мүлік салығын меншігінде тұрғын үй, ғимарат, гараж, басқа да құрылыстар және жер учаскесі бар жеке тұлғалар төлейді. Өңірде олардың саны 170 мыңнан асады. Бұл тұрғындардың меншігінде 300 мыңнан астам нысан бар.

«1 қазан күні 2020 жылдың мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталады. Қаңтар-тамызда бюджетке 75,6 млн теңге түсті. Биыл салық заңнамасына енген өзгерістерге байланысты меншік иелері бұрынғыдай жер учаскесі және жылжымайтын мүлік үшін екі бөліп төлемейді, ол біріктіріліп отыр. Салық төлеушілер пошта арқылы ескертіліп жатыр. Мүлік салығы бойынша қарыздың бар-жоғын kgd.gov.kz сервисі, «E-salyq Azamat» мобильді қосымшасы немесе Kaspi.kz және Homebank қосымшалары арқылы біліп, төлеуге болады», - дейді СҚО бойынша Мемлекеттік кіріс департаментінің түсіндіру жұмыстары басқармасының басшысы Наталья Некрасова.

Маманның айтуынша, көлігі бар тұрғындар да салық төлеу қажеттігін ұмытпаулары керек. Жыл басынан автокөлік иелерінен бюджетке 943,8 млн теңге түскен. Оның 525 млн теңгесі алдыңғы жылдардың салығы. Қазіргі уақытта 11 мың солтүстікқазақстандық көлік салығы бойынша 311 млн теңге қарыз. Оның ішінде алдыңғы жылдардан қалған берешекте бар.


Соңғы жаңалықтар