СҚО-да жыл басынан бері 762 жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылды

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында мас күйде көлік айдағаны үшін 762 адам көлік басқару құқынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Жол-көлік оқиғаларын тоқтатайық» акциясы барысында түскі уақытта Петропавлдағы Абай көшесінде Volkswagen Jetta автокөлігі тоқтатылды. Рульде спирттік ішімдікке масайған күйде 36 жастағы қала тұрғыны болған.

Тексеру барысында көлік оның жанында отырған 37 жастағы досының атына тіркелгендігі анықталды. Екі ер адам Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 608-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды: біреуі мас күйінде көлікті басқарғаны үшін, екіншісі – көлік тізгінін мас күйдегі адамға бергені үшін.

Сот шешімімен олар 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, сонымен қатар 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.

«Мас күйде көлік тізгіндейтін жүргізушілер өз өмірлерін ғана емес, айналасындағы жол қозғалысының басқа да қатысушыларының өмірін қауіпке тігеді. Жол қауіпсіздігі бойынша акциялар мен рейдтік іс-шаралар кезінде жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзу фактілерін, оның ішінде көлікті мас күйде басқару деректерін анықтауға баса назар аударады. Жыл басынан облыста мас күйде рульге отырған 762 жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылды. Жол қозғалысының барлық қатысушыларына айтарымыз: мас жүргізуші – қауіпті қылмыскер. Жыл басынан облыс жолдарында мас жүргізушілердің кінәсінен 16 жол-көлік оқиғасы орын алды, онда 6 адам қаза тауып, 14 адам жарақат алды», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.



Соңғы жаңалықтар