СҚО-да жыл басынан бері 5 адам есірткіні шамадын тыс пайдаланып қайтыс болды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда полицейлер 100 кг аса есірткіні арнайы құрылған комиссияның көзінше жойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ірі көлемдегі есірткіні жоюға арналған акция өткізді. Арнайы құрылған комиссияның көзінше 100 келіден еліткіш заттың көзі жойылды.

Бүгін жойылған есірткі - Петропавл тұрғынының ауласынан табылған жабайы өскен қара сора. Алқаптан салмағы 100 келіден асатын есірткі алынды.

Улы шөпті жоюға «Қамқор» клубының волонтерлері де қатысты. Қоғамдық белсенділер профилактикалық іс-шаралар кезінде, рейдтерде, есірткі граффитилерін бояу барысында әрдайым полицейлерге көмектесіп тұрады.

«Біз волонтерлер осындай акцияға өз үлесімізді қосқанымыз үшін қуаныштымыз. Осындай іс-шараларға қатыса отыра, біз «Есірткіге жол жоқ!» деп, қоғамды саламатты өмір салтына шақырамыз», - дейді акцияға қатысқан Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің 3 курс студенті Қайсар Мусин.

Жыл басынан СҚО-да есірткі заттарын шамадан тыс пайдалану салдарынан 5 адам қайтыс болған. Нашақорларға алғашқы медициналық көмек көрсету үшін жедел жәрдем 69 рет көмекке келген. Көмекке жүгінгендердің арасында 7 жасөспірім де бар.

«Мектепте есірткінің зияны жайлы ойды балалардың санасына мықтап сіңіру керек. Ата-аналар, мұғалімдер, біз тәртіп сақшылары бірлесіп, күн сайын тәлімі мол профилактикалық жұмысты өткізуіміз қажет. Жастармен бірлесе отыра атқарған бүгінгі іс-шарамыз – осы бағыттағы профилактикалық тәсілдің бір жолы», - дейді Петропавл қалалық Полиция басқармасы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы Рахат Нұрахметов.

Биыл заңсыз айналымнан 390 кг астам түрлі есірткі заты, оның ішінде 1 кг 690 грамм синтетикалық дәрі-дәрмек алынды. Қылмыстық жауапкершілікке 85 адам тартылды.


Соңғы жаңалықтар