СҚО-да жыл басынан бері 25 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында қаңтар-наурыз айларында құрылыс жұмыстарының ауқымы 1,5 есе, негізгі капиталға салынған инвестициялар – 20,6%, өнеркәсіп өндірісі – 10,2% өсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының СҚО бойынша департаментінің мәліметінше, биылғы қаңтар-наурызда негізгі капиталға құйылған инвестициялар көлемі 45,2 млрд теңгені құрады. Шаруашылық жүргізетін субъектілер негізгі капиталға салынған инвестицияларды қаржыландырудың негізгі көзі. Олар инвестициялардың жалпы көлемінің 63,9 %-ын алады.

Негізгі капиталға құйылған инвестициялардың 59,3 %-ы ауыл, орман және балық шаруашылығы, 16,2 %-ы жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар, 12,3 %-ы өнеркәсіп салаларында игерілген.

2021 жылғы қаңтар-желтоқсанда ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 30,1 млрд теңгені құрады. Сату үшін мал мен құстың 22,3 мың тонна еті өткізілді, 72 мың тонна сиыр сүті сауылды, 60,7 млн дана тауық жұмыртқасы алынды.

Тамақ өнімдерінің өндірісі 6,2 %-ға өсті, соның ішінде ірімшік және сүзбе – 1,6 есе, сары май және спредтер – 43 %-ға, дистиллирлендірілген алкогольді ішімдіктер – 28,7 %-ға, минералды сулар және алкогольсіз сусындар – 24,5 %-ға, тазартылмаған өсімдік майы – 10,7 %-ға артты.

Осы аралықта құрылыс жұмыстары 12,2 млрд теңгеге орындалған. 153 жаңа ғимараттың құрылысы аяқталды, соның ішінде 151 – тұрғын және 2 – тұрғын емес мақсаттағы ғимараттар.

Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 25 мың 305 шаршы метр. Тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің құрылысына жұмсалған орташа нақты шығын 126,5 мың теңгені құрады, былтыр қаңтар-наурызда – 116,4 мың теңге болған еді.


Соңғы жаңалықтар