СҚО-да жыл басынан бері 17 адам хабарсыз кеткен

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында тәртіп сақшылары із-түзсіз кеткен 49 адамды іздестіріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жоғалған адамдарды іздеумен криминалды полиция айналысады. Хабар-ошарсыз кеткендердің 49-ы - алдыңғы жылдары жоғалғандар. Оның 38-і - ер адам болса, 11-і - әйелдер. 32-сі спирттік ішімдікке әуес.

«Биыл қаңтар айында сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне хабарсыз кеткен 17 адам тіркелді. Оның 7 - ер адам, 3 - әйел, 6 – жасөспірім. Жоғалғандардың сегізі маскүнем болған. Олардың барлығын, соның ішінде 14-ін бір тәулік ішінде таптық», - дейді криминалды полиция басқармасының бастығы Петр Климов.

Полицейлердің сөзіне қарағанда, із-түзсіз кеткендерді іздеуде көп жұмыс атқарылады. Көп жағдайда үйден кететіндер – ішімдікке әуес жандар. Сондай-ақ туған-туыстарымен ұрсысып, үйден шығып кететіндер де жетерлік.

Криминалды полиция басқармасының қызметкерлері із-түзсіз жоғалған үшеу - Мейрам Смағұлов, Виктор Раскатов және Бақыт Хамзинаны табу үшін тұрғындардан көмек сұрайды.

Мейрам Смағұлов 1976 жылы туған. 2018 жылы қазан айында Тараз қаласынан СҚО Ғ.Мүсірепов ауданындағы Рузаевка елді мекеніндегі үйіне жолға шыққан. Алайда сол күйі жетпеген. Бұрын да бірнеше рет үйінен хабарсыз кеткен екен. Спирттік ішімдікке әуес.

Ал 36 жастағы Виктор Раскатов 2019 жылдың 30 қыркүйегінде Петропавлдағы үйінен шығып кеткен. Бойы - 160 см шамасында, дене бітімі орташа келген, көзі жасыл, сарылау келген шашы түсе бастаған. Сол күні үстінде сұр түсті трико, қою жасыл күрте, қара бас киім болған.

Бірнеше айдан бері іздеуде жүргендердің бірі – Бақын Хамзина. 1971 жылы туған әйел Шал ақын ауданы Жаңаталап ауылындағы үйінен 2019 жылдың 18 қарашасында ешкімге айтпай шығып кеткен. Бойы - 160 см, орташа дене бітімі бар, шашына ақ кірген. Үстінде қызыл күртесі, қара бас киімі, сұр түсті джинсы шалбар болған.

Көрген-білген адам болса «102» телефон нөміріне немесе СҚО ПД КПБ қызметкерлеріне 8-(715)-2 39-41-78, 8-707-820-30-29 арқылы хабарласуға болады.


Соңғы жаңалықтар