СҚО-да жыл басынан бері 128 ірі мал бруцеллезге шалдыққан

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО-да жыл басынан бері 128 ірі қара мал бруцеллезге шалдығып, ауру сиырлардың көзі жойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО ветеринария басқармасының мәліметінше, ауру малдарды ұстаған жерлерден жұқпа ошағын жою үшін дезинфекция және басқа да іс-шаралар жүргізілді. Алайда, бұл - оң нәтижесін бермеуде. Жыл сайын Айыртау, Қызылжар, Ғ.Мүсірепов, М.Жұмабаев,Тайынша, Есіл аудандарында ауру жануарлардың анықталуымен адамдардың бруцеллезді жұқтыру қаупі жоғары күйінде қалып отыр. Әсіресе, Уәлиханов ауданы жұқпалы аурудың таралуынан алда келеді.

СҚО Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мамандарының айтуынша, бруцеллез - қан тамырлары, жүйке және басқа да жүйелердің және әсіресе тірек-қимыл аппаратының зақымдануына әкелетін ауыр, қалжырататын ауру. Дерт - үй, жабайы және ауылшаруашылық жануарларынан адамдарға жұғады. Адамдар бруцеллезді, көбінесе қойлардан, ешкі және ірі қара малдардан, ауру малды күту, сою және етін бөлген кезде тері, ауыз қуысының, мұрынның және көздің шырыштық қабығы арқылы жұқтырады. Адамға ауру жануарлар ғана емес, олардан алынатын өнімдер, әсіресе шикі сүт және сүт өнімдері сондай-ақ ет, жүн, мал терісі, ешкі түбіті де қауіп тудырады.

"Ауру белгілері адамда әдетте жұқтырудан соң 2-3 аптадан кейін пайда болады. Бастапқыда науқаста жоғары температура, қалтырау, тершеңдік, әлсіздік байқалады. Содан кейін бас ауруы, ұйқысыздық, тәулік ішінде температура жиі өзгеріп, буындар зақымданады. Дер кезінде диагноз қойылмаса және емделмесе - ауру асықынып, мүгедектікке әкеледі", - дейді СҚО Қоғамдық денсалық сақтау департаментінің маманы Нұргүл Молдағалиева.

Нұргүл Молдағалиеваның айтуынша, жануар ауырған кезде болатын негізгі белгілері: түсік тастау, буындардың сирек зақымдануы, сауын сиырдың желінінің ісінуі. Ауру көзге көрінбеуі де мүмкін. Адамдар үшін ең қауіпті шақ - ауру малдардың бұзаулау, төлдеу кезеңі. Бруцеллез микробтары топырақта, қида, суда, жүнде және жануарлар терісінде ұзақ сақталады. Сондықтан мал бағатындар жеке қорғану құралдарын пайдаланып, қолды сабынмен жиі жуу қажет.

Мамандардан тағы бір кеңес - ауруды жұқтыру қаупін азайту үшін жануарларды ветеринарлық құжаттарымен алу қажет. "Ет және сүт өнімдерін белгілі сауда орындарынан сатып алу қажет. Бұл ережелерді сақтамайтын адамдар өзінің және туыстарының денсаулығын қатерге тігеді", -дейді мамандар.

Соңғы жаңалықтар