СҚО-да жыл басынан бері 119 адам энтеробиозбен ауырған

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 119 адамға энтеробиоз диагнозы қойылды, олардың 90 пайыздан астамы – 14 жасқа дейінгі балалар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, энтеробиозды лас қол ауруы деп те атайды. Кең таралған паразиттік аурулардың бірі. Энтеробиоздың қоздырғыштары - адамның ішектерінде пайда болған 3-12 мм ақ гельминт-құрттар.

«СҚО-да биылғы 7 айда энтеробиоздың 119 жағдайы тіркелді, оның 93,2 %–ы - 14 жасқа дейінгі балалар. Былтыр 85 адамға осы диагноз қойылды.

Энтеробиоз балалардағы бірқатар соматикалық аурулардың жиі пайда болуына және созылмалы патологияның өршуіне ықпал етеді. Паразиттік ауру балалар мен ересектерден тарайды. Құрт жұмыртқалары дезинфекциялық заттарға өте төзімді. Төсек-орындарда, ойыншықтарда, кілемдерде, ванна бөлмелері мен дәретханаларда 25 күнге дейін өміршең болуы мүмкін. Инфекция жұқтырғаннан кейін оның белгілері 12-14 күн ішінде пайда болады», - дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Салтанат Бекқожина.

Маманның айтуынша, энтеробиозбен ауыратын баланың анус аймағы қышып, түнде ұйқысы бұзылады. Перианальды аймақты қарау кезінде терінің қызаруы, жергілікті тітіркенуі және тырналуы, кейде – экзема және суланғыш дерматит болуы мүмкін.

«Құрт жұмыртқалары тырнақтың астына түсіп, балалар саусақтарын сору, тырнақтарын тістеу, аузына ойыншықтар салу кезінде ауыз арқылы ішке түседі. Ең басты себебі - гигиена ережелерін елемеу, балалар мекемелері мен үйде санитарлық нормаларды сақтамау.

Энтеробиозбен ауырған балалардың тәбеті төмендеп, іші қатуы немесе керісінше іші өтуі мүмкін. Іші кеуіп, жүрегі айниды, құсады. Арып, баланың өсуі мен дамуына кері әсер етеді», - дейді Салтанат Бекқожина.

Энтеробиозды емдеу және гигиеналық шараларды сақтау балаларды құрт ауруынан құтқарады. Алайда, инфекция үйде толық жойылмаған жағдайда қайта ауыру қаупі бар.

«Энтеробиоз лас қол ауруы болып саналатындықтан, балаларға ерте жастан бастап гигиена дағдыларын үйрету қажет. Баланың тырнақтарын қысқа кесіп, дәретханадан кейін, тамақтанар алдында, серуендеуден кейін қолды сабындап жууды дағдыландыру. Таңертең және кешке баланы жуындырып, іш киімдерін күнделікті ауыстырып тұру, саусақтарын соруға және тырнақтарын тістеуге тыйым салу, төсек-орындарды жиі ауыстырып, көкөністер мен жемістерді қолданар алдында мұқият жуу қажет», - дейді санитар дәрігер.


Соңғы жаңалықтар