СҚО-да жыл басынан бері 1,7 мың балаға 50 млн теңгенің әлеуметтік пакеті үлестірілді
2022 жылғы 30 маусым 14:33

СҚО-да жыл басынан бері 1,7 мың балаға 50 млн теңгенің әлеуметтік пакеті үлестірілді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында былтыр атаулы әлеуметтік көмек аясында 2,6 мыңға жуық балаға 114 млн теңгеге жуық соманың әлеуметтік пакеті үлестірілсе, биыл жыл басталғаннан бері осындай көмекті 1,7 мың бала алды. Бұл мақсатқа 50 млн теңгеге жуық қаражат жұмсалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларды қолдау жөніндегі шаралар аясында оларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Былтыр осындай көмек 2470 аз қамтылған отбасына немесе 10 326 азаматқа көрсетілді, оларға 704,9 млн теңге төленді. Биыл мұндай көмекті 1561 отбасы немесе 6686 азамат 232,5 млн теңге сомасында алды.

Атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарында 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар да бар. Оларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет – азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтығы беріледі. Былтыр көмектің осы түрімен 113,7 млн теңге сомасына 2596 бала қамтылды. Биыл 1748 балаға 49,7 млн теңгенің пакеттері берілді.

Мүгедектердің әлеуметтік қорғалуы туралы ҚР Заңына және аудандар мен Петропавл қаласы мәслихаттарының шешімдеріне сәйкес үйде оқитын мүгедек балаларға әлеуметтік көмек көрсетіледі. 2021 жылы 304 отбасының мүмкіндігі шектеулі 305 баласы 23,1 млн теңге алды. Жыл басынан бері осы көмек түрімен 13,2 млн теңге сомасына 267 бала қамтылды.

Бұдан басқа ҚР Үкіметінің Қаулысына сәйкес мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша мереке және атаулы күндерге, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болғанда әлеуметтік көмек көрсетіледі. Былтыр осылайша 669,9 млн теңге 19 676 адамға берілді. Биылғы 1 маусымға дейін 13 342 азаматқа 398,4 млн теңге төлем жүргізілді.

Бұған дейін өндірісте болған жазатайым оқиғалар бойынша былтыр 17,7 млн теңгенің материалдық төлемі жасалғанын айтқан едік.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT