СҚО-да жыл басынан бері 1,5 мың шетелдік жұмыс істеуге рұқсат алған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан еңбек мигранттарына 1,5 мың рұқсат ресімделді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта облыс аумағында 100 еңбек мигранты тіркелген.

Олар - Тәжікстан, Өзбекстан, Әзербайджан, Молдова, Украина және Грузия елдерінің азаматтары. Бұл мемлекеттердің азаматтарына 3 айдай визасыз ҚР аумағына кіруге рұқсат бар.

Ал жұмысқа орналасқан жағдайда рұқсат мерзімін 12 айға дейін ұзарта алады. Кейін еңбек мигранты елден шығуы қажет.

«Карантинге байланысты еңбек мигранттарының 16 наурыз бен 1 қараша аралығында қолдану мерзімі біткен рұқсат құжаттары осы күнге дейін жарамды болып келді. Яғни, осы аралықта талап бойынша Қазақстан аумағынан шығуы тиіс шетелдіктер құқық бұзушылар болып танылмады. Алайда, енді бұл жеңілдік бітті. Енді еңбек мигранттары өздерінің құқықтық мәртебесін реттеуі тиіс. 1 қарашадан бастап «Еңбек көшіп-қонушыға рұқсат беру және ұзарту» мемлекеттік қызметі осындай рұқсат негізінде 12 ай Қазақстанда болған адамдарға ұсынылмайды», - дейді СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы Еділ Қазиев.

Бұл қызмет Халыққа қызмет көрсету орталықтарында көрсетіледі. Қазақстанда тұрақты тұруға қалу және азаматтық алу мәселелері бойынша 87152 34-00-35 телефон нөміріне немесе қауырт желі - 87152 34-00-23 нөмірін хабарласуға немесе Ж.Жабаев көшесі, 71-а мекенжайындағы Көші-қон қызметі орталығындағы фронт-офиске жүгініп, ақыл-кеңес алуға болады.

Бұдан басқа, еңбек мигранттарына жәрдемдесу орталығында өзге елдердің азаматтарына құқықтық қолдау көрсетіледі. Қоғамдық ұйымның байланыс телефоны - 8 7152 46-13-26.

Мамандардың айтуынша, жыл басынан СҚО ПД көші-қон қызметі 1468 еңбек көшіп-қонушыға рұқсат берді және мерзімін ұзартты.


Соңғы жаңалықтар