СҚО-да жыл басынан 8 адам пойыз астына түсіп, мерт болды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында биыл темір жолға қатысты оқыс оқиғалар күрт артып, соынң салдарынан 8 адам мерт болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Темір жол қала орталығы мен Жұмысшы кентін бөліп өтеді. Бағыттық автобустар қатынағанымен шаруаларымен асыққан жұрт көп жағдайда қауіпсіздікті естен шығарады. Пойыз астына түскендердің басым бөлігі жол қысқартпақ болған екен. Соның салдарынан тек биылдың өзінде 10 адамды пойыз қақты. Сегіз адам сол жерде жан тапсырса, екеуі жарақат алып ауруханаға түсті. Барлығы қарапайым қауіпсіздік ережелерін жатқа білетін, ақыл тоқтатқан ересек адамдар.

Былтыр СҚО-да 3 адам пойыз астына түсіп, қаза тапты. Тәртіп сақшылары ереже бұзушылармен күресті күшейткен, айыппұлдың мөлшері де аз емес – 3 АЕК мөлшерінде.

«Жыл басынан темір жолдың белгіленбеген жерінен өткен 1150 адамға әкімшілік хаттама толтырылды. Жол бойында мал баққан тұрғындарға да айыппұл салынды. Мұндай 4 жағдай тіркеліп отыр. Қатты келе жатқан пойыз жүргізушісі жолдағы адамды көрсе де, тоқтап үлгермейді. Олар өздерін ғана емес, өзгелердің өмірлерін де қатерге тігеді», - дейді Петропавл стансасы Желілік полиция бөлімі әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ұлжан Жарқұлова.

Темір жол қызметкерлері оқыс оқиғалардың артқанына алаңдап отыр. Мамандар өлім-жітімнің алдын алу үшін, жергілікті тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Қазір өңірде «Темір жолдағы балалардың қауіпсіздігі» акциясы басталды. Жедел алдын алу шарасы қазан айына дейін жалғасады.


Соңғы жаңалықтар