СҚО-да жыл басынан 20-ға жуық көлік өртеніп кетті

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл 17 машина өртеніп кетті, соның 15-і жеңіл көлік. Осыған орай өрт сөндірушілер автокөлікте өрт шыққан жағдайда не істеу қажеттігі жөнінде көлік иелеріне бірқатар кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, күн жылынысымен қыс бойы тұрған көліктердің жолға шығуымен және саяжай маусымының басталуымен көлік нөпірі артады. Бұл жол-көлік оқиғаларының артуына әкеледі және көліктерде өрт шығу жағдайлары да жиілейді. Жыл басталғалы өңірде осындай 17 өрт тіркелді, соның 15-і жеңіл көлікке қатысты. Қалған екеуінде жүк көлігі жанып кетті. Ең соңғы жағдай 30 сәуір күні Петропавлдағы Чайковский көшесінде болды. Мамандар келгенше көлік отқа оранып, газ қондырғысы жарылды. Адам шығыны жоқ.

«Өрттің алдын алу үшін автокөлікті техникалық тексеруден өткізген жөн. Сондай-ақ міндетті түрде машинада өрт сөндіргіш құрал болуы керек. Оның өзіне қойылатын талаптар бар, мәселен салмағы 2 келіден кем болмауы тиіс және көбіне ұнтақ тәріздес өрт сөндіргіш қолданылады. Біздің қызметкерлер өрт сөндіргіш құралын тексеруге атысты рейдке жиі шығады. Байқағанымыз, құрал әр машинада бар, алайда соны екінің бірі тез арада алып шығып, қолдана алмайды. Әдетте ол жүк салғыштың ең түбінде, қол оңайлықпен жетпейтін жерде жатады. Ал автокөлік өртенген кезде оның толық жанып кетуіне кем дегенде 5 минут жеткілікті», - дейді СҚО ТЖД бастығының орынбасары Дмитрий Растихин.

Маманның атуынша, автокөлік өртенген жағдайда ең алдымен өрт сөндірушілерге хабар берген жөн. Тек сосын ғана көліктегі жалынды ауыздықтауға кірісу керек.

«Әдетте көлікте өрт аспаптар панелінде немесе капот астынан мотор тұрған жерден шығады. Егер мотор тұрған жерден шықса, онда капотты абайлап ашу қажет. Өйткені капотты ашқан кезде жалып лап етіп, беті-қолды шарпуы мүмкін. Ал қол астында өрт сөндіргіш құрал болмаған жағдайда өртпен күресу үшін суды, топырақ пен құмды пайдалануға болады. Өртті жейде немесе киім-кешекпен сөндіру – босқа уақыт өткізу деп есептеймін. Ал кім көлігіне газ қондырғысын орнатпақ – оны тек арнайы мамандандырылған орындарда ғана қойғызу керек. Кейін міндетті түрде құзырлы мекемеде тіркеуден өткізу қажет. Өйткені оны тексертпей қолдану – адам өміріне қауіпті», - дейді Дмитрий Растихин.


Соңғы жаңалықтар