СҚО-да жыл басталғалы 913 велосипед ұрлығы тіркелді

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында велосипед ұрлығы өршіді. Жыл басталғалы бері осындай 913 факті тіркелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Велосипед ұрлығы – маусымдық қылмыс. СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл 913 велосипед қолды болған. Тәжірибе көрсеткендей, ұрлықтың бұл түрі негізінен қар жоқ кезде, сәуір мен қараша айларының аралығында жасалады.

Тәртіп сақшылары велосипед ұрлығының күрт артуын екі дөңгелекті көлікке отырушылар санының көбеюімен байланыстырады.

«Ұрылар велосипедтерді сол күйінде сата алмайтын болғандықтан, бұзып, қосалқы бөлшек ретінде өзіндік құнынан айтарлықтай төмен бағаға сатады. Велосипедтерінің қолды болуына көп жағдайда иелерінің өздері де кінәлі. Екі дөңгелекті көлікті үй подъездерінде және көп қабатты тұрғын үйлердің аулаларында қараусыз қалдырады», - дейді Петропавл қаласы ПБ бастығының міндетін атқарушы Әлібек Ғабдуллин.

Мәселен, жаздың басында Петропавлдағы Васильев көшесіндегі ашық жатқан подъезден бірден үш велосипед ұрланды. Иелері екі дөңгелекті көліктің жоғалғанын бірнеше күннен кейін ғана байқаған. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 400 мың теңгеден асады. Жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде күдіктілер ұсталды. Олар Нұр-Сұлтан қаласының 19 және 22 жастағы тұрғындары болып шықты. Ұрланған мүлік интернет арқылы сатылған. Екі велосипед табылып, иелеріне қайтарылды.

«Өз мүлкіңізді аз уақытқа болса да қараусыз қалдырмаңыз. Велосипедті подъездерде, түнгі уақытта үй жанында қалдыру қауіпті, арнайы құлыптау құрылғысы болса да, оларды жертөледе немесе пәтерде сақтағандарыңыз абзал. Ұсталған, құжаттары жоқ велосипедтерді сатып алмаған жөн. Оның ұрланғандығы анықталған жағдайда тәркіленеді», - дейді Әлібек Ғабдуллин.


Фото: Shutterstock




Соңғы жаңалықтар