СҚО-да жүзден астам жасөспірім түнде көшеде жүрген

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полиция департаменті «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасын қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы өңірде төрт күн бойы өткізілді. Операцияға полицейлерден бөлек, прокуратура, білім беру мекемелерінің өкілдері, ата-аналар комитеттерінің мүшелері қатысты.

Рейд барысында тұрмысы қолайсыз отбасылар, компьютерлік клубтар, көңіл көтеру орындары назарға алынды. Петропавл қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллиннің айтуынша, ювеналдық полицейлер Жұмысшы кентіндегі есепте тұрған екі отбасыны тексерді. Бір отбасының балалары қазіргі уақытта кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында тұрып жатыр. Олардың әке-шешесін ата-ана құқығынан айыру мәселесі шешілмек. Екінші отбасында анасы дұрыс жолға түскен. Тәртіп сақшылары үйдегі жағдайды зерделеп, профилактикалық әңгіме жүргізілді.

Рейдке қатысушылар компьютерлік клубтарды, диско-барларды, сондай-ақ аулаларды тексерді. Шамамен сағат түнгі 1.00-де ЦУМ-ның маңайында көшеде жүрген 17 жастағы жасөспірім анықталды. Бала көшеге серуенге шыққанын айтқан. Ол үйіне жеткізіліп, әкімшілік хаттама толтырылды, ата-анасымен профилактикалық әңгіме жүргізілді.

«Жасөспірім» іс-шарасының төрт күнінде облыстың ішкі істер органдарына 142 кәмелетке жасқа толмаған жеткізілді. 204 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның 108-і жасөспірімдердің түнгі уақытта үйден тыс жүруіне қатысты. Кәмелет жасқа толмаған балаларды тәрбиелеу бойынша міндеттерді атқармаудың 50 фактісі тіркелді. 32 жасөспірім және тұрмысы қолайсыз 25 отбасы анықталып, есепке қойылды.


Соңғы жаңалықтар