СҚО-да жұрттың жерін талан-таражға салған серіктестік үстінен қылмыстық іс қозғалды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Жарқын СК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі халықтың өзіне сеніп тапсырған жерін рұқсатсыз кепілге қойып, 500 млн теңге несие алған. Алайда берешегін қайтармағандықтан жер учаскелері сатылымға қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО прокуратурасының мәліметінше, Айыртау аудандық прокуратурасы «Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану» ведомствоаралық бағдарламасын жүзеге асыру аясында заңбұзушылықты анықтады. Аудандағы «Жарқын СК» ЖШС-ге жер үлестерін сеніп тапсырған 883 адамның құқығы бұзылған.

Серіктестіктің құрылтайшылары халықтың жерін рұқсатсыз мемлекеттік қаржы институттарының біріне кепілге қойып, 500 млн теңгеден астам несие ресімдеген. Алайда қарызды қайтармағандықтан қаржы институты жер телімдерін саудаға шығару арқылы өндіріп алмақ болды.

«Қазіргі уақытта сауда-саттық жүргізу процедурасы уақытша тоқтатылды. Жер учаскелерін заңсыз кепілге қойғаны үшін, бір топ адамның арызы бойынша Айыртау аудандық прокуратурасы «Жарқын СК» ЖШС үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 190 бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұдан басқа аудандық прокуратура пай иелерінің мүддесін қорғау мақсатында кепіл келісімшартын және жалпы жиналыстың хаттамасын заңсыз деп табу үшін қажетті құжаттар мен материалдарды жинауды бастады», - делінген облыстық прокуратура таратқан ақпаратта.

«Жарқын СҚ» ЖШС жұмысшыларына да қарыз. 78 адамға еңбекақы бойынша берешек 33,6 млн теңгені құрайды. Осыған байланысты Айыртау аудандық ішкі істер бөлімінде еңбек заңнамасын бұзу бойынша қылмыстық іс өндірісте жатыр.


Соңғы жаңалықтар