СҚО-да жүрек ырғағы бұзылған науқастарға имплант қойыла бастады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы кардиологиялық орталықта Нұр-Сұлтан қаласынан келген Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың маманы шеберлік сағатын өткізіп, 72 жастағы өңір тұрғынына кардиовертер-дефибриллятор имплантациясы жасалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Нұр-Сұлтан қаласынан келген Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың аритмолог дәрігері Қуандық Садуевтің айтуынша, кардиовертер-дефибриллятор құрылғысы жүректің кенеттен тоқтап қалуының алдын алады. Қазақстанда қондырғы бұрыннан қолданылғанымен СҚО мамандары үшін бұл тың әдіс.

«Ота жергілікті анестезия арқылы жүргізіліп, науқас есін біліп жатады. Бұғананың астына шағын тілік жасалады. Тамыр арқылы бір немесе екі электрод өткізіп, жүректің бұлшықетіне жалғаймыз. Оның екінші басы қондырғыға бекітіледі. Имплант кеуде бұлшықетінің астына орналастырылады. Ол жүрек қағысын қадағалап отырады. Жүрек тоқтап қалса, электродтар разряд беріп, ырғағы қалпына келтіріледі», - дейді Қуандық Садуев.

Кардиовертер-дефибриллятордың үлкендігі 2 сіреңке қорабындай ғана. Электронды құрылғы 5-7 жыл жұмыс істейді.

«Мен өзім осында 100-ден сатам ота жасадым. Адамның жас ерекшелігіне қарамаймыз, 18 жастағы жігітке де осындай имплант қойған кезім болды. СҚО-да мұндай ота алғаш жасалып отыр. Бүгін 72 жастағы қарияға дефибриллятор қойылды. Ол дәрігерлердің қарауында болған, ем-дом нәтиже бермегеннен кейін ота жасадық», - дейді астаналық маман.

Кардиологиялық орталық жүрек ырғағы бұзылған үш науқасқа Германияда жасалған құрылғыны сатып алған. СҚО көпсалалы аурухананың кардиология блогының жетекшісі Мақсат Құдраттулаевтың айтуынша, жыл өткен сайын осындай науқастардың саны артуда. Сондықтан мамандар қажетті отаны жергілікті жерде жасауды жоспарлап отыр.

«Жүрек ырғағы бұзылған науқастарымыз бар. Олардың жүректері кенеттен тоқтап қалып, қастарында ешкім болмаса өліп кетеді. Бүгінге бірнеше науқасымызды әзірледік. Оларды таңдау жолдары бар. Көрсеткіштері дұрыс келетіндеріне ота жасалады. Бұған дейін осындай ота жасау үшін Нұр-Сұлтан қаласына жіберілетін. Енді өз орталығымызда емдеуді жоспарлап отырмыз. Аппараттарды көктемде алдық, карантиннің салдарынан шеберлік сағатын өткізуді кейінге қалдырып келдік. Бүгін сәті түсіп жатыр», - дейді Мақсат Құдраттулаев.


Соңғы жаңалықтар