СҚО-да жүрек-қан тамырларынан болатын өлім-жітім он жылдың ішінде 2,5 есе азайды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кардиология және кардиохирургиялық қызметті жақсарту мақсатында жасалған бағдарламасы аясында 2008 жылы Петропавлда кардиологиялық орталық ашылды. Нәтижесінде, СҚО-да жүрек ауруларынан қайтыс болатындардың саны он жылдың ішінде 2,5 есе азайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық кардиологиялық орталықтың құрылғанына биыл 10 жыл. 2008 жылы орталық Петропавлдағы екінші қалалық аурухана негізінде құрылған болатын. Республикалық бағдарлама аясында мол қаражат бөлініп, дәрігерлер 10 ай бойы Литвадағы медициналық орталықта тәжірибеден өтеді.

«Жақсы кардиохирург болу үшін кемінде 10 жыл үлкен орталықта еңбек ету керек. Ал біз бір жылдың ішінде ота жасай бастадық. Біз Израильге, Жапонияға, Германияға, тағы да сондай медицинасы дамыған елдерге дәрігерлерімізді оқуға жіберіп үйреттік. Соның арқасында дәрігерлеріміз 2009 жылдан бастап ашық жүрекке ота жасай бастады, аортокоронарлық шунттауды. Ангиограф деген аппарат алдық. Ол жүректің ақауын текесеретін құрылғы. Тамыр қай жерде бітелген, қалай бітелген, соны тексеріп реті келсе жүректің тамырына стенд қояды. Ал, келмейтін болса жүректі ашып аортокоронарлық шунт жасайды», - дейді облыстық кардиологиялық орталықтың бас дәрігері Азамат Мағзұмов.

Осы аралықта дәрігерлер мыңдаған адамның жүрегіне ота жасап, халықтың алғысына бөленді. Кардиологиялық орталық жаңадан ашылған кезде дәрігерлер жылына 37 аортокоронарлық шунт және 100-ден аса ғана стенд қойса, соңғы кезде бұл көрсеткіш еселеп артқан. Қазір мұнда жылына 250-ге жақын адамның жүрегіне ашық ота жасап, 700-ден аса науқасқа жүрегіне стенд қойылады екен.

Петропавлдық Дулат Қажкеновтың кардиологиялық орталықта ем алып жатқанына шамамен 1 ай. Дәрігерлер оны өлім аузынан алып қалды. Дұрыс дем ала алмай алқынған ол өзі басылады деп жүре берген. Жүрегінің 3 бірдей қақпашасы бітеліп қалыпты. Ауруханаға жедел жәрдеммен жеткізілген Дулат Еркінұлы бірер күнде өз аяғымен үйіне кетеді.

«Осында келгенде жағдай өте мүшкіл, жаман болған екен. Аллаға рахмет, екінші осындағы дәрігерлерге мың да бір рахмет! Телюк деген Михаил Петрович деген дәрігер бар екен, сол кісі бригадасымен дәрілерді беріп, ана дүниеден алып қалды. Сосын ес жинағасын, кезек келгесін операция жасады. Жағдайымыз бар, балаларым Астанаға апарайық, сол жерде емделесің деген. Келіспедім. Өйткені, өзіміздің кардиологиялық орталық туралы жақсы пікір қалыптасқан. Білуімше, еліміздегі ең үздіктердің қатарында. Қазір жағдайым жақсы, жүре алмай жүргем дем ала алмай, енді Алла жазса мерекеге дейін үйге барамын деп ойлаймын», дейді Петропавл қаласының тұрғыны Дулат Қажкенов.

Кардиологиялық орталықта қазір отаның түр-түрі жасалады. Солардың бірі жүрекке электрокардиостимулятор қою. Жылына осындай 170 ота жасалады екен. Асхат Молжігітов - интервенциялық аритмолог. Орталық ашылған күннен бері осында еңбек етіп келеді.

«Қазір 55 жастағы сырқатқа 2 камералық электрокардиостимулятор қойдық. Ота сәтті жасалды. Енді ол 12-15 жыл қалыпты өмір сүреді, тек жылына бір рет келіп тексеріліп тұруы қажет. Жүрек қағысы бұған дейін 30-35 болса, біз оны екі есе ұлғайттық. Бес күннен кейін үйіне жібереміз», - дейді кардиологиялық орталықтың бас дәрігерінің орынбасары, интервенциялық аритмолог Асхат Молжігітов.

Қазір кардиологиялық орталықта 7 бөлімше, жоғары деңгейлі 55 дәрігер жұмыс істейді. Мамандар дәстүрлі түрде шет елдерде тәжірибе жинақтап, білімдерін шыңдап отырады.  Емдеу мекемесі қажетті құрал-жабдықпен толық қамтылған. Мысалы, былтыр облыс әкімінің қолдауымен радиобөлшектік абляция  аппараты алынды. Заманауи жарақтандырылған кардиоорталықтың көмегіне соңғы жылдары шетелдіктер де жүгінетін болыпты.

«Соңғы 2-3 жылда біз жылына 1,5 мыңға жуық коронографиялық зерттеу жасаймыз жүрекке. 700-ден астам адам жүрегіне стенд қойдық. 250-ге жақын науқасқа жүрегіне ашық ота жасап, аортокоронарлық шунт қойылады. 10 жылда 15 мың коронарлық зерттеу жасаппыз. 2,5 мың адамның жүрегіне ашық ота жасалды. Бұл үлкен жетістік. Осының арқасында 2008 жылмен салыстырғанда жүрек ауруынан өлім санын 2,5 есеге азайттық. Ауруханадағы өлім саны 5 есеге азайды», - кардиологиялық орталықтың бас дәрігері Азамат Мағзұмов. 

Соңғы жаңалықтар